Нұр-Сұлтанда Қазақстандағы ең үлкен студенттік жатақхана салынады

02.10.2020 в 01:35

Студенттер үйі 2 мың 360 орынға арналған

ult.kz

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандағы ең үлкен студенттік жатақхана салынады. Бүгін елордада Еуразия ұлттық университетінің 2 мың 360 орынға арналған ауқымды Студенттер үйі кешенінің іргетасын салтанатты түрде қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құрылыс Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуіндегі міндеттерді іске асыру шеңберінде жеке инвестициялар есебінен жүзеге аспақ. Бұл студенттерге жатақханаларда орын жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешеді, дейді оқу орнының ректоры Ерлан Сыдықов.

«Өкінішке қарай, бүкіл Қазақстан бойынша қажеттілік өте көп. Себебі студенттердің саны көбейіп келе жатыр жылдан-жылға. Келешек жастар – қазіргі кезде білім алып жатқан университеттерде. Бұл мәселені түгелдей шешуіміз керек. Онсыз болмайды. Өйткені жастарымыз жатар орын іздеп, тентіреп кететін болса, қайдағы жерлерде тұратын болса, ол қандай қоғам, қандай ортаға түсетіні де белгісіз. Сондықтан да ол уақытылы берілген тапсырма және де ол тиімді, уақытылы орындалып жатқанына мен қуанамын», – деді Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.