Форумға қатысушылар 14 меморандумға қол қойды
Елімізде Францияның техникалық оқу орындарының филиалы ашылуы мүмкін. Бұл мәселе Париж қаласында өткен Қазақстан-Француз жоғары оқу орындарының жетінші халықаралық форумында көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін Мемлекет басшысы елде жетекші шетелдік білім мекемелерінің қатарын көбейтуді тапсырған болатын. Форумға қатысушылар Қазақстанда қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асыру, «500 ғалым» жобасын іске қосу секілді мүмкіндіктерді талқылап, 14 меморандумға қол қойды
«Франция Қазақстанмен түрлі салада ортақ мүдделі ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Өйткені бұл келісімдер қарапайым халық үшін тиімді болмақ. Әсіресе ғылыми ынтымақтастық Қазақстан жастарын жұмыспен қамтамасыз етуге және білімін жетілдіруге ықпал етеді», – деді Францияның жоғары білім және ғылыми зерттеулер министрлігінің өкілі Мануэль Буар
«Халықаралық ядролық энергетика орталығы көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Францияда бұл жүйе өте күрделі, сондықтан біз серіктестерімізбен тығыз жұмыс жасаймыз. Мәселен, ядролық қалдықтарды қайта өңдейтін мамандар немесе осы сала бойынша басқа да кадрлар қажет болса, біз шетелдік әріптестеріміз үшін арнайы оқыту курстарын ұйымдастырамыз», – деді Халықаралық ядролық энергетика орталығының атқарушы директоры Карен Дайфуку.