Ядролық физика институты әлем елдеріне «бейбіт атом» өнімін тасымалдайды
Қазақстан медицина, қорғаныс пен төтенше жағдай саласында қолданылатын гидрогелді таңғышты шет мемлекеттерге тасымалдайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қазір аталған тауар халықаралық стандартқа сай дайындалып жатыр. Бұл туралы ядролық физика институтының өкілдері айтты.
Ядролық физика институтының жұмыс істеп тұрғанына жарты ғасырдан асты. Радиоизотоп өндіріп, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланып жатқан орталық – қазір Қазақстандағы жалғыз ғылыми ұйым. Мұнда іргелі және қолданбалы зерттеулер дүниеге келеді, радиациялық технологиялар әзірленіп, өнеркәсіп үшін өнім дайындалады.
Орталық биыл онкологиялық ауруларды емдеу мен диагностика жасау үшін қолданылатын генератор өндірісі жобасын жеңіп алған. Халықаралық агенттіктің қатал сынынан өткен институт ендігіде әлем елдеріне «бейбіт атом» өнімін тасымалдайды. 2022 жылы радиоактивті изотоптарды дайындау көрсеткіші 114% өскен.
– Қарашаның соңынан бастап генераторды жеткізе бастауымыз керек. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Өйткені ядролық физика институты іргелі қолданбалы зерттеулер бойынша бірінші орында тұр. Өнімді енді шетелге экспортқа шығарады. Бұл – адамды емдеу болғандықтан, талап өте жоғары. Сол талаптарды әлемдік деңгейде ұтып, көшбасшы екенімізді көрсетіп отырмыз, - дейді Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.
Микрочиптер мен жартылай өткізгіштерді шығару қарқынды жүріп жатыр. Осы арқылы электроника, автоөнеркәсіп пен телекоммуникация саласында отандық тауарды арттыруға үлкен мүмкіндік туды. Институт мамандары бұған дейін қыруар қаржыға шет елден тасымалданатын өнімді өзімізде өндіруге барлық жағдай жасалғанын айтты.
– Негізгі 90% өнімді біз радиофарм медициналық дәрмек өндірумен айналысамыз. Ол – онкологиялық аурулардың алдын алу немесе диагностика жасауға арналған өнімдер, - дейді Реакторлы кешенді зерттеу тобы бас инженерінің орынбасары Бақдәулет Мұхамедұлы.
Бұл қатарға гидрогелді таңғыштар мен косметикалық маскалар шығару да қосылмақ. Елдегі стационарлық реакторы бар жалғыз орталық ендігіде ағынды суды тазарту үшін арнайы зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр.
Мадина Оқас, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы.
Оқи отырыңыз: Мегаполисте өнеркәсіп өндірісі қанша пайызға өсті