Байқауға екі мыңнан аса өтініш түскен
«Алматы ұстазы» қалалық конкурсы өз мәресіне жетті. Сәуір айында басталған байқауға қатысуға екі мыңнан аса ұстаздан өтініш түскен. Жүзден жүйрік шыққан 13 мұғалім бүгін финалдық кезеңге жолдама алып, бағын сынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мақсат – олардың шығармашылығын шыңдау, сабақ беру кезіндегі озық әдістемелерді көрсету және мәртебесін арттыру. Бас жүлде иеленген қатысушыға қалалық білім басқармасының 5 млн теңге гранты беріледі. Сонымен қатар 5 жас маман шетелге барып, тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.
– Әділқазылар алқасы ұстаздың жаңашылдығына ерекше мән беріп отыр. Яғни, ұстаз сабақ бергенде қандай әдістер қолданады, баламен жұмыс істеу технологиясы қандай деген сұрақтарға жауап іздейміз. Биыл байқау үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Алматы қаласы бойынша 7 мыңнан астам жас маман болса, 3 жылда 7 мың маманды толық қамтыдық, – деді «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік» орталығы директорының міндетін атқарушы Әсет Мұханбетов.
Байқауға 35 жасқа дейінгі жас мамандар қатысты. Олардың әрқайсысы заманауи оқытудың әдістемесін ұсынды. Үш кезең бойынша бақ сынасқандар арасында түрлі пән мұғалімі бар. Ақтық кезеңде қатысушылар «Мен – көшбасшы мұғаліммін» тақырыбында жоба қорғады.
– Қазіргі кезде жасөспірімдер арасында телефонға тәуелділік бар. Қазақ тіліндегі смартфонда ойнайтын эко-смарт ойынын құрастыру жобасын ұсындым. Мақсаты – балаларды экологиялық мәдениетке тәрбиелеу, – деді Б. Атыханұлы атындағы №36 мектеп-гимназиясының мұғалімі Әсел Жарасова.
– Балалар арасында сабақ оқу қызық емес. Менің мақсатым – сабақты ойын арқылы қызықты етіп өткізу. Ойын арқылы сабақ түсіндіру, мәтін беру арқылы оқу сауаттылығын арттыру. Ағылшын тілі пәні мұғалімі болғандықтан, 4 бағытты қамту қажет, – деді №104 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Дастан Сәлімов.
Оқи отырыңыз: Жақсының аты өшпейді: Тұрсын Мырзабекқызының құрметіне мемориалдық тақта орнатылды