Бұл туралы Білім және Ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді
Алдағы 4 жылда елімізде түлектерді колледждерге емтихансыз қабылдау мәселесі толық шешілетін болады. Бұл туралы Білім және Ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында мәлімдеді. Енді жаңа механизм бойынша мектеп оқушыларына колледж бен мамандықты таңдау құқығы берілді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі бейнематериалында.
Жаңа ережеге сәйкес, педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша өткізілетін арнайы сынақты қоспағанда, колледжге түсу емтиханы тоқтатылады. Әрі кәсіптік-техникалық оқу орындары түлектерді мамандық бойынша жұмысқа орналастыруға міндеттелді. Бұл өз кезегінде елдегі кадр мәселесін реттеуге сеп болмақ.
«Осы жылы біз балалардың техникалық және кәсіптік білім алуға мүмкіндігін кеңейту үшін, емтихан кезіндегі кейбір келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін сол өзінің 9 жыл мектепте алған білімінің нәтижесі негізінде, академиялық білімінің нәтижесінде колледжде егер бейіндік пәндері бойынша бағасы жоғары болса, сол бойынша оқуға түсетін болады», – деді ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басшысы Бақытжан Биекова.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, жыл сайын 9-сынып түлектерінің 30 пайызы, ал 11-сынып түлектерінің 50 пайыздан астамы ақылы бөлімге оқуға тапсырады. Аталған мәселенің шешімін табу үшін министрлік пен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, түлектерді тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100 пайыз қамтуды көздеп отыр. Айта кетейік, бұл шара 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асады.
«Жергілікті «Атамекен» палатасының ұйымы бар. Сол ұйымның жұмыс тобының мүшесімін. Осы өзгерістерді кіргізген кезде өзім де қатыстым. Қазіргі таңда біздің талапкерлер тегін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіне оқуға түскеннен кейін әрине мемлекет жақтан бұл балалар стипендиясын алады. Жұмысшы мамандыққа түскен балалар бір уақытылы ыстық тамақпен қамтылады», – деді Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің директоры Ерұлан Қарағұлов.
«Мен болашақта колледжде оқығым келеді. Дәлірек айтқанда, аспаз мамандығында. Қазіргі таңда колледжге түсу жақсырақ болды. Емтихансыз кіруге болады ең бастысы. Бұл мен үшін және менің қатарластарыма үлкен мүмкіндік деп білемін», – деді 9-сынып оқушысы Нұрболат Сайхұлмәлік.
Бұл шара елдегі техникалық, кәсіптік білімі бар кадрларды еңбекке тарту үшін жасалмақ. Себебі бір ғана құрылыс саласы орта есеппен 25 800 маманға зәру. Ал құрылысқа қатысты білім небәрі 6200 адамға беріліп отыр. Айта кетейік, кадр мәселесіне қатысты мемлекеттік тапсырысты орналастыру ережесі әділет министрлігіне жолданды.
Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы