Алматыдағы Оқушылар сарайында 100-ден аса жаңа үйірме ашылды. Мұндай мүмкіндікке ғимараттың жаңартылуы әсер еткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқушылар сарайын жаңғырту жұмыстары 2 жыл бұрын басталған еді. Аталған ғимарат сәулет ескерткіштерінің қатарына енетіндіктен, бұрынғы кескін-келбеті сақталған. Ал жаңартудағы мақсат – балалар мен жасөспірімдерді оқыту және дамыту үшін қолайлы орта құру. Сондықтан, орталық зал мен сарайдың тарихи дизайнын сақтай отырып, планетарийді, салтанат пен көрме залын қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізілген.
– Оқушылар сарайын жаңғырту барысында оның сыйымдылығын да арттырдық. Аптасына 8,5 мың баланың орнына 15 мыңға жуық баланы қабылдай аламыз. Яғни, қуаттылығы 2 есе артты деуге болады. 2,5 жыл ішінде жөндеу жұмыстарына 5 миллиардтай теңге кетті, – деді қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Жаңғырту аясында жаңа білім беру кеңістігі құрылған. Кванториум, Hi-Tech, Creative және Science орталықтары іске қосылды. Мұнда оқушыларға соңғы инновациялық технологиялар қолжетімді. Сондай-ақ көрме залы да цифрлық кескіндемелермен толықтырылған.
– Гранит, мрамор тастары сол қалпында қалды. Тиіскен жоқпыз. Сонымен қатар көрме залдарын толық жаңартудан өткіздік. Биыл балалардың тек жаңа бағытта жұмыс істеуіне зер салып қана қоймай, қауіпсіз орта қалыптастыруға да баса назар аудардық, – деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Оқушылар сарайы әлемдік стандарттарға сәйкес заманауи технологияны енгізген. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін инженерлік жүйелерді ауыстыруға баса мән берілген. Жаңартылғандардың қатарында жарықтандыру, желдету, ауаны баптау, жылу және кәріз жүйелері бар. Автоматтандырылған өрт сөндіру және бейнебақылау жүйесінің де сапасы артқан.
Аталған мекеме 11 бағытта жұмысын жалғастырады. 40 жылдық тарихы бар Оқушылар сарайының 320 мыңнан аса түлегі бар. Бұрын 195 үйірме болса, енді олардың саны 305-ке жеткен.
Жансая Олжабек, Алишер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жас робототехниктер Әзербайжанда өтетін додаға қатыспақ