Қала күні қарсаңында мегаполисте бірнеше мәдени кешендер күрделі жөндеуден өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Жыл басында 10 кітапханаға қайта өңдеу жұмыстары басталған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала күні қарсаңында мегаполисте бірнеше мәдени кешендер күрделі жөндеуден өтті. Жыл басында 10 кітапханаға қайта өңдеу жұмыстары басталған еді. Бүгінде жаңа кейіпке енген ғимараттар ерекше стильде көпшілік оқырманға қайта есігін ашты. Бұдан бөлек мұражайлар мен театрлар, Республика сарайы да жаңа кейіпте өз көрерменін қарсы алмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаладағы №33 балалар кітапханасы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында түрленді. Мұнда оқырмандар үшін бұрынғыдан да ыңғайлы жағдай жасалған. Кезекті кітапхана қазір коворкинг орталығына айналды. Түрлі-түсті жиһаздар мен тегін интернет желісіне қосылған компьютерлер орнатылды. Бұдан бөлек, кітап қоры да толыға түскен. Қазір орталықта 27 мың кітап бар. Сәйкесінше, кітапханашылар оқырман саны да бұрынғыдан да артқанын айтады. Қазір күніне 100-ден адамға астамға қызмет көрсетіледі.

«Кітапханамыз бұрын 30 адамға арналса, қазір 50 адамға арналған. Біздің кітапхана оқырмандарға кітап қана беріп қоймай, үйірмелер де жұмыс істейді. Ағылшын тілі, шебер қолдар, балдырған клубы, шахмат үйірмелері бар. Ал кітап қорымыз жылыны 500 кітаптан жаңарып тұрады», – деді №33 балалар кітапханасының меңгерушісі Қуаныш Исабекова.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қаладағы мемлекеттік қуыршақ театры мен Республика сарайына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, қалалық 4 мұражай да қайта жаңғырту жұмыстарынан өтті. Соның бірі - Алматы тарихи музейі. Мұражай өткен күнге саяхат жасауға мүмкіндік береді. Ғимарат шағын болғанмен, мұнда 35 мың экспонат жинақталған.

«Мұражайдың ішкі бөлмелеріне сырлау, әрлеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, қысқы маусымда қосылатын жылыту құбырлары ауыстырылды. Одан бөлек, мұражайдың суағарлары түгелімен ауыстырылды», – деді Алматы қаласы мұражайлар бірлестігінің директоры Ануар Үмбеталиев.

Қалалық мәдениетті дамытудың тағы бір бөлігі - әдебиет қайраткерлеріне қолдау жасау. Білікті жазушылар мен ақындардың шығармашылығын арттыру мақсатында оларға жыл сайын мемлекеттік гранттар бөлінеді. Былтыр 150 әдебиеттанушы грант ұтып алса, биыл олардың саны 360-қа дейін өспек. Ал отандық кітаптарды басып шығаруға жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінді.

Новости партнеров