Төбесі құлап, керегесі қисайған: атыраулық оқушылар биыл да апатты мектепте оқиды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ломоносов мектебінің кірпіші 80 жыл бұрын қаланған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау облысы Құрманғазы ауылындағы жалғыз мектепке күрделі жөндеу қажет. «Оқушылар тоз-тозы жеткен ғимаратта білім алуға мәжбүр» деп шағым айтқан тұрғындар жергілікті биліктің мәселені қолға алуын талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Құрманғазы ауданындағы жалғыз жалпы білім беретін Ломоносов мектебінің кірпіші 80 жыл бұрын қаланған. Талай жыл өтсе де, бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Білім беру ұйымының қабырғалары сөгілген, едені шұрқ тесік, төбесі опырылуға шақ тұр. Ал спорт алаңы атымен жоқ. Соның салдарынан білім алушылар дене шынықтыру сабағын жазда мектеп ауласында, ал қыста акт залында өткізуге мәжбүр.

– Мектепте асхана қарастырылмаған. Сондықтан 3 оқу кабинетін жабдықтап, оқушыларға бөліп-бөліп тамақ беруді ұйымдастырып отырмыз, – деді М.В. Ломоносов атындағы жалпы орта мектептің директоры Толқын Әжіғалиева.

Сонымен қатар маман тапшылығы да байқалып отыр. Математика, орыс тілі және бастауыш сынып мұғалімі жеткіліксіз. Басшылық зейнет жасындағы ұстаздарды демалысқа жібермей, ұстап отырған көрінеді.

– Конкурстар жыл сайын қайта беріліп отыр. Соның нәтижесінде келіп жатқан түлектер бар. Алайда қажеттілік сол күйі сақталуда, – деді М.В.Ломоносов атындағы жалпы орта мектептің директоры Толқын Әжіғалиева.

Ал аудан әкімі мәселемен жақсы таныс. Оның айтуынша, биыл нысан «жайлы мектеп» ұлттық жобасына іліккен. Ауданда құрылыс жұмысы басталып та кетіпті.

– Құрманғазы ауданында Президенттің тапсырмасы бойынша «жайлы мектеп» жобасымен 2 мектептің құрылысы басталды. Біреуі Ақкөл ауылында, екіншісі – Ломоносов орта мектебі. Құрманғазы ауылындағы мектептің іргетасын қалау жұмысы басталмақ. Әрқайсы 600 орынды мектеп болмақ. Спорт алаңы қарастырылған, – деді Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев.

Ал әзірге оқушыларға жаңа оқу жылын керегесі қисайған, төбесе құлайын деп тұрған білім беру ұйымында бастайды. Ал жайлы мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Ұлағат Арғын, Нұрбек Шәден, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Оқи отырыңыз: Алматы облысында әйел перзентхананың үшінші қабатынан секіріп кеткен

Новости партнеров