Алматы облысында әйел перзентхананың үшінші қабатынан секіріп кеткен

Almaty.tv
Almaty.tv
Медицина қызметкерлері оның қатты күйзеліске түскенін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының Қаскелең қаласында 36 жастағы ана перзентхананың үшінші қабатынан секіріп кетті. Төрт күннен бері ауруханада жатқан келіншек кеше ғана жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ай-күні жақындап, ауруханаға түскен әйелдің ажалға неге асыққанын ешкім түсінбей әлек. Туыстары қызын жедел жәрдеммен әкеткенін ғана естіп, іштей тілеулес болған. Кейін іштегі шарананы отамен кесіп алғанын естіген.

– Қасында қалай адам болмайды? «Итеріп жіберіп, секіріп кеткен» дейді. Ол жақында ғана отадан шықты. Қараусыз қалдыруға бола ма? Біз түсінбей жатырмыз, – деді келіншектің ағасы Қуандық Қарабалаев.

Келіншектің көңілін сұрауға келгендерге кіруге рұқсат берілмегендіктен, аурухана ауласында күтті. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы бірқалыпты, психологтар бақылап отыр.

Медицина қызметкерлері оның қатты күйзеліске түскенін айтты. Өйткені бала сүюге талпынған ананың бұл – үшінші сәтсіз жүктілігі. Көптен күткен сәбидің іште жүрегі тоқтап қалған.

– Медбике ұстамақшы болады. Оны итеріп жіберіп, әйел секіріп кеткен. Отыз секундта келіп көмек көрсетілді. Психиатр «кенеттен психологиялық қозу» деп диагноз қойды. Мамандарға ешкімді ойламай, өз қалауын істегенін айтқан, – деді «Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы» КМК директорының орынбасары Индира Қабаева.

Кезекші медбике тексеріс кезінде науқастың жағдайы қалыпты екенін растаған. Бірақ сәлден кейін оқыс жағдайдың болғанын хабарлапты. Ал өмірімен қош айтыспақ болған келіншек жақындарына баланың даусы естілгенін айтқан.

– Кішкентай балалардың дауысы естілгенін айтты. Басқа ештеңе айта алмады. Біз де шыдай алмадық, – деді келіншектің ағасы Қуандық Қарабалаев.

Қазір науқас дәрігерлер бақылауында, бұғанасы сынып, білегі екі жерден жарақаттанған. Айта кетейік, фактіге қатысты полицейлер іс қозғады.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ақтауда ер адамның денесі табылды

Новости партнеров