Нұр-Сұлтанда 2500-ден астам адам алимент төлемей қашып жүр

открытые источники
открытые источники
7 мың борышкердің тұрақты жұмысы болғандықтан, жұмыс орнынан төлем жүргізіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елорда бойынша жеке сот орындаушыларында алимент өндіру туралы 14 мыңнан аса құжат бар. Оның ішінде 7 мың борышкердің тұрақты жұмысы болғандықтан, жұмыс орнынан төлем жүргізіледі.  Ол туралы Нұр-Сұлтан қаласы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жетекшісі Ерлан Онтаев мәлім етті. Бала алдындағы ата-аналық парызын орындаудан жалтаратындар саны өскендіктен, арнайы акция ұйымдастырылып, мүлкі тәркіленуде. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.

Бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында алиментін мүлдем төлемей қашып жүрген 2500-ден астам адам бар. Мұндай безбүйрек әкелерді жеке сот орындаушылары құқық қорғау оргындарымен бірлесіп қолға түсіруде. «Сергек» камералары арқылы анықтап, көліктерін айып тұрағына қойып жатыр.

Әлгі 2500 мың жауапсыз ата-ананың балаларына қарыздарының жалпы соммасы 300 миллионды құрайды. Ал, 1000-нан астам борышкерге іздеу жарияланған. Өткізіліп жатқан арнайы акция барысында 14 адамның жеке көлігі айып тұрағына қойылған.  

«Борышкерлердің қарызын өндіру барысында жеке сот орындаушылары бірінші кезекте борышкердің ақшалай соммасымен жұмыс жасайды. Егер олардың ақшалай соммасы жоқ болса, тұрақты табысы жоқ болса, 3 айдан артық уақыт қарызы жинақталып қалған болса, онда жеке сот орындаушы борышкердің мүлкін анықтап, оларға тиым салып, оны аукционға сату арқылы өндіреді», – деді қалалық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жетекшісі  Ерлан Онтаев.  

Осылайша аукционнан түскен ақшаға баланың алименті өндіріледі. Көп жағдайда бауыр еті баласын тастап кеткен тасбауыр әкелер мен аналар көліктерін өз аттарына рәсімдемейді екен. Мұндай борышкерлерді іздеп тапқанда астында қымбат темір тұлпары бары анықталатын көрінеді.  

«Қалталы азаматтар да борышкерлердің арасында кездесіп тұрады. Бірақ олар тұрақты жұмыс істемейді. Бірақ басқа да жағдайлармен табысы бар, қымбат машиналармен жүреді. Қымбат мүліктерді де болуы мүмкін. Бірақ назар аударатын жағдай – ол мүліктерінің барлығы өзінің атында емес. Басқа кісілердің атына жазып қояды. Мүмкін әке-шешесінің атына жазып қоюы мүмкін», – деді қалалық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жетекшісі  Ерлан Онтаев.  

Сол себепті заңгерлер «Неке және отбасы» Кодексінде көрсетілген нормаға сай өзінің ата-анасынан алимент ала алмай жүрген ата-әжесінен алимент өндіруге толық құқығы барын айтады. Көп адам бұл нормадан хабарсыз. Сонымен қатар, сот орындаушылары дамыған елдердегідей біздің елде де отбасын құрар алдында неке келісімшартын жасасу тәжірибесінің уақыты келгенін  алға тартады. Бұл баланы да, ананы да, алимент төлеушінің де құқығын реттейді дейді.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров