Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев оқытушы-профессорлар құрамы және қызметкерлермен кездесіп, ҚазҰУ қалашығын қайта жаңғырту жоспарын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар ұжымның ұсыныс-пікірін тыңдап, көкейдегі сұрақтарына жауап берді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауынан кейін өздеріңізбен кездесіп, Президент жүктеген тапсырмалар мен алға қойған міндеттерді арнайы жеткізуді жөн санап отырмын», – деді университет басшысы.
Ректор 2024 жылы ҚазҰУ-дың құрылғанына 90 жыл толатынын атап өтіп, алдымен атқарылған жұмыстарға тоқталды:
• Өткен жылдың басты оқиғасы – ҚазҰУ қызметкерлерінің жалақысы екі мәрте көтерілді. Университетте Түркияның 11-президенті Абдулла Гүл, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен көшбасшылық дәрістер ұйымдастырылды.
• ҚазҰУ оқытушыларының делегациясы Түркияның ең ірі университеттерінің бірі – Ақтеңіз университетінде біліктілік арттырып әрі демалып қайтты.
• ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына түлектердің тартуы ретінде «Мәңгілік ел» сағаты салтанатты түрде ашылды.
• Ағаштар аллеясы, Елбасы бағы, Ғалымдар бағы ашылып, 1000-ға жуық қырым қарағайы мен Алтай шыршасы және «Сиверс» алмасы, шие, қара өрік жеміс ағаштары отырғызылды.
• Еуропалық Парламент делегациясы арнайы сапармен келді.
• ҚазҰУ базасында қыркүйек айында Мәскеу инженерлік-физика институтының филиалын ашу жөнінде келісім жасалды.
Қазіргі сәтте Түркия мен Қырғызстанда ҚазҰУ филиалын ашу жұмыстары аяқталып келеді. Оқу корпустары мен аудиторияларға және жатақханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл ішінде орындалған өзге де маңызды жұмыстарды қамтыған оқу орнының басшысы келесі кезекте жиылғандар назарын қордаланған мәселелерге аударды. Алдымен жобалық сыйымдылығы 5,5 мың орындық 17 жатақхана орналасқан ЖОО кампусының материалдық-техникалық жарақтандырылуына байланысты бірінші кезектегі міндеттер мен мәселелерді шешу қажет екенін айтты.
«Қазіргі таңда жатақханалардың пайдалануға берілгеніне 30 жылдан астам уақыт өткен. Студенттік жатақханалардағы жайлылық деңгейі төмен, үй-жайлар тозған және жөндеуді қажет етеді. Мұқтаж студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін университетке қосымша 12 мың орын қажет», – деді ректор.
Ал заманауи үлгідегі жатақханалардың құрылысы студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев университеттің физикалық және моральдық тұрғыдан ескірген оқу ғимараттары да дизайны мен мазмұны бойынша заманауи талаптарға сай емес екенін алға тартты. Инженерлік желілер мен коммуникацияның тозығы жеткен. Сол себептен оқу ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу қажет.
Университетте жалпы факультеттер мен ғылыми бөлімдер орналасқан 18 оқу және зертханалық корпус бар. Бірқатар факультеттер 1950 жылдары салынған және негізгі кампустан алыс орналасқан. Бұл жағдайлар бір университеттің әртүрлі факультеттерінде оқитын студенттер арасында білім алу теңсіздігін тудырады. Оған қоса, интернационалдандырудың жоғары деңгейі шетелдік оқытушылар мен студенттер, шетелдік делегациялардың университетке көптеп келетінін аңғартады. Демек, жобамен алты факультетке арналған жаңа оқу ғимараттарын салу қажет. Сондай-ақ бүгінгі таңда университеттің 2000-нан астам оқытушысы мен қызметкері тұрғын үйге мұқтаж.
«Кадрларды сақтау, жас талантты мамандарды тарту және қолдау үшін қызметтік тұрғын үй салу қажет. Бұл ұсынысты іске асыру университеттің оқытушылары мен мамандарының өмір сүру деңгейі мен сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді», – деді ректор.
Сөз соңында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қалашықты қайта жаңғырту жоспарын жүзеге асыруға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдау білдіргенін жеткізді. Президент бүгінгі қоғамда адами құндылықтардың негізгі қағидалары салтанат құру үшін университеттегі ұжымдық иммунитет пен гуманистік тәрбие қалыптастыруға бағытталған бірқатар тапсырма бергенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, 2024 жылға қарай университет еліміздің ғылыми-техникалық дамуының перспективті деген бағыттары бойынша 650-ден астам ғылыми жобаны қолға алады. Ғылыми жобалардың нәтижелерін экономиканың нақты секторына айналдыру 20-ға жуық спин-офф компанияларын құру арқылы іске аспақ. Сондықтан білім ордасының басшысы алда ауқымды жұмыстар, жарқын мақсаттар күтіп тұрғанын баса айтып, ұжымды жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Жиын соңында университеттің оқытушы-профессор құрамының өкілдері ҚазҰУ-дың қайта жаңғыру жоспарын қуана қабылдағанын жеткізіп, ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті.