Болашақта олар қоғамдағы тәртіпті қадағалайды
Алматыдағы мектептердің бірінде «жас сақшы» сыныбы ашылды. Мақсаты – өскелең ұрпақтың отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, патриотизмге тәрбиелеу, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға қалалық Полиция департаментінің және білім басқармасының өкілдері, оқушылар қатысты. Жиында «жас сақшы» қатарына жаңадан келген оқушалар ант қабылдады. Тез қимылдайтын жасақ жас буынға қойылым көрсетіп, балаларды таңдай қақтырды.
Айта кетсек, полиция мектебіне болашағын қоғамдағы тәртіпті қадағалаумен байланыстыратын оқушылар қабылданады. Қалалық полиция департаментінің бастығы жас өрендерге сәттілік тілеп, болашағынан зор үміт күтетінін айтты.
– Уақытысы келгенде қатарымызға қосыласыздар! Қаланың тыныштығын сақтайтын, елге қызмет ететін, полиция қызметкерлерінің беделін көтеретін сіздер боласыздар деп ойлаймын, – деді Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
– Ертең елімізді қорғайтын, тәртіпке бағынатын, үлгі бола білетін, адал қызмет атқаратын, көкірегі ояу, көзі ашық азаматтарымыз тәрбиеленіп шығады. «Жас сақшы» сыныбы – алғашқы қарлығаштары. Қаладағы басқа мектептерде де «жас сақшы» сыныбы ашылады деген ойдамыз, – деді Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова.
Оқи отырыңыз: Биыл генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев 85 жасқа толады