Атыраулық мұғалімнің құрылғысы шалғай жерлерді электр қуатымен қамтамасыз етпек

11.09.2024 02:22

Жоба темір тұлпардағы аккумулятордың орнын алмастырады

Almaty.tv

Атыраулық мұғалім судан электр қуатын алатын құрылғыны ойлап тапты. Бір қызығы, бұл жоба темір тұлпардағы аккумулятордың орнын алмастырмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоба авторының бірі Рақымжан Қосановтың айтуынша, жаңалық жүзеге асса, мұнай қоры таусылған күннің өзінде, көліктер бос қалмайды. Жаңа құрылғы темір тұлпарларға керекті газ бен жанар-жағармайдың көлемін бірнеше есеге азайтуға мүмкіндік береді. Көлемі жағынан да ыңғайлы. Шалғай жерлерді электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы.

– Жоба толық жүзеге асу үшін жабық күйде зерттеу жасалуы керек. Өйткені оның құрамында газ бар. Алдағы уақытта оның кішкентай түрін жасап шығарып, ойыншық машиналарға қосып көреміз. Сол кезде оның қанша газды талап ететін белгілі болады, – деді химия пәнінің мұғалімі Рақымжан Қосанов.

Жоба қорғалған халықаралық іс-шараға әлем елдерінен 2000-ға жуық маман қатысты. Олардың арасында «Нобель» сыйлығының иегерлері де бар. Мамандар «ауқымды байқауда мықтылармен қатар ерекше жаңашылдықты енгізу үлкен тәжірибе» дейді.

– Қымбат жобаларды алмастыра алатынымен ерекшеленеді. Электр қуаты жете бермейтін де таптырмас дүние. Қоршаған ортаға да еш зияны жоқ, – деді халықаралық мұғалім Асиф Саид Аббас.

Жобаның берері көп. Ол арқылы «жасыл» энергияға көшуге де мүмкіндік мол. Осыны негізге алған атыраулық ғалымдар келер жылы Бельгияда өтетін халықаралық жиынға жаңа жоба ұсынуды жоспарлап отыр.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Оқи отырыңыз: Алматыда «Ақыл тіс» ескерткіші ашылды