Алматы әкімдігі 3 музыка мектебін жекешелендірілетін нысандар тізімінен шығарады

12.03.2021 в 02:30

Қала билігі Үкімет басшысына ресми хат жолдады

Almaty.tv

Алматы әкімдігі 3 музыка мектебін жекешелендірілетін нысандар тізімінен шығару туралы шешім қабылдады. Қала билігі Үкімет басшысына осындай сұраныспен ресми хат жолдады. Оған осы мәдени ордаларындағы оқушылардың ата-анасынан түскен талап-тілектер түрткі болған. Түйткілді мәселенің жай-жапсарын Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай анықтап келді.

«№ 1 Балалар музыкалық хор мектебін» бәсекелі ортаға беру туралы ақпар шыққалы балалар мен олардың ата-аналарынан маза қашқан. Олар өнер ордасы жекеге өткеннен кейін, оқу ақысы бірден көтеріліп кете ме деп алаңдаулы. Сондай-ақ, артынша мұғалімдер де жұмыссыз қалады деген қорқыныш та жоқ емес.

«Мұндағы педагогтардан асқан жақсы мұғалімдерді кездестірген емеспін. Оларға барлық ата-ана риза. Себебі бұл мектептің ұжымы  балалармен жұмыс істеудің өзіндік методикасын жасап шықты. Немерем осында оқиды. Қаншама жүлдеге ие болды», – деді қала тұрғыны Ирина Лалудова.

Досым Ахметовтың балалары 2 жылдан бері №3 балалар музыкалық мектебіне келіп жүр. Қыздардың үлкен Әйгерім скрипканы, ал кенжесі Фариза флейтаны емін-еркін меңгеріп алған. Талай республикалық байқауларда биіктен көрініп келеді екен. Жетістіктердің барлығы талантты педагогтардың арқасында дейді әке.

«Осы жерде 2 қызым оқып жатыр неше жылдан бері. Жекеге өтпегені дұрыс. Үкіметтің қолында болғаны дұрыс. Мұндай мекемелер аз қазір бізде. Қыздарым орын да алып жатыр. Мұғалімдеріне сөз жоқ енді, өте мықты», – деді қала тұрғыны Досым Ахметов.

Ел Президенті Қасым-Жомарт ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сай ұжымның арыз-өтінішін қала әкімдігі мен жауапты министрліктер жан-жақты қарастырды.  Атап айтқанда, қала басшылығы   Білім және ғылым, сондай-ақ спорт министрліктерімен бірге бұл мәселені талқылады. 3 ведомство да мектептердің жекеменшікке өтуін қолдамайды.

«Жалпы білім және ғылым министрлігі музыка мектептерінің жекеменшікке өтуді қолдамайды. Өйткені ол жерде балаларымыз қосымша білім беру сабақтарын алып жатыр. Ол үйірме болсын, секция болсын, басқа да үйірмелер. Сондықтан жалпы қазір Білім және ғылым министрлігінің негізгі мақсаты – осы қосымша білім беруге үйірмелерді көбейту», – деді  ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.

Бүгінде мегаполисте 17 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы бар. Оның ішінде 8 музыкалық мектеп 23 мыңнан астам баланы қамтып отыр. Сондай-ақ, биыл қолданыстағы оқушылар сарайы да қайта жөндеуден өткізілмек. Онымен қоса Алатау және Наурызбай аудандарында 2  оқушылар сарайының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.  

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы