Ол Медеу базалық стансасында орналасқан
Алматының тұмса табиғаты аясында орналасқан балалар лагері өз жұмысын бастады. Демалыс орны таудың етегінде, өзеннің бойында орын тепкен. Елдің түкпір-түкпірінен келген өрендер мұнда 1 апта бойы тыныға алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
– Мен лагерьге бірінші рет келіп тұрмын. Кешке от жағамыз, фильм, мультфильм көреміз. Мен достар таптым, лагерь ұнайды, – деді оқушы Әл-Кәрім Демидов.
– Маған бұл жер өте қатты ұнады. Адамдармен таныстым. Бәріміз күн сайын тауға шығамыз. Одан басқа да түрлі қызық бар, – деді оқушы Аяла Рамазан.
Балалардың көңілінен шыққан лагерь Медеу базалық стансасында орналасқан. Бір маусымда 46 баланы қабылдайтын демалыс орны бүгін ресми түрде есігін ашты. Лагерь 8 бен 14 жас аралығындағы жеткіншектерді әр дүйсенбі сайын қабылдайды.
– Лагерді ашудағы мақсатымыз – жас ұрпақтың бойындағы туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілікті ояту. Сондықтан олар үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық. Ыңғайлы жатын орындары, арнайы жабдықталған алаңдар және балаларымен бірге демалуға келген ата-аналар үшін де бөлек үйшіктер қарастырылған, – деді балалар лагерінің директоры Ринат Әбдірахманов.
Әр үйшікте 4 баладан жайғасады. Жатын орыны таудың құбылмалы ауа райына бейімделген. Оған қоса, әр бөлмеде өзінің жеке жуынатын бөлмесі бар. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, балаларға мұнда жазда да, қыста да жайлы болмақ. Лагерь аумағында дәл осындай 11 шатыр бар.
Лагерь бағдарламасы аясында жаяу сапар, командалық ойындар ұйымдастырылады. Оған қоса, зоология институтының, альпинизм федерациясының, Ұлттық парктердің қызметкерлері балаларға табиғаттың маңызы туралы дәріс өткізеді.
– Басқа лагерден айырмашылығы – лагерь мұхит деңгейінен ең жоғары орналасқан. Табиғат аясында өзеннің жағасында орналасқан және де мүмкіншілік көп, – деді балалар лагерінің қызметкері Абылайхан Ахметқалиев.
Сондай-ақ мұнда екі әлеуметтік жоба іске қосылған. Бірі табиғаттағы демалыс қауіпсіздігін үйретіп, туризм саласының кәсіби деңгейін арттыруға бағытталса, екіншісі, қайырымдылық пен әлеуметтік бастамаға негізделген.
Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы