Соңғы қоңырау екінші жыл қатарынан онлайн режимде соғылды. Оған елімізде қауіпті дерттің дендеуі себеп. Жыл сайын дәл осы күні мектеп түлектерінің шарасы салтанатты түрде өтетін. Алайда бүгін алматылық оқушылар мектеппен үйде отырып қоштасты. Сондай-ақ, білім ордаларының қызметкерлеріне сыйлық беруге, мектептен тыс жиналып дастархан жаюға да рұқсат жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Дүниежүзін дүрліктірген пандемия басталғалы қазақстандық мұғалімдерге артылған жүк ауырлай түсті. Педагогтар жаңа білім беру форматына машықтанып, бағдарламаларды меңгерді. Мәселен, №59 мектеп-гимназияның мұғалімдері бірнеше техникалық курстан өтіп, олармен әдіскерлер қашықтан оқытудағы әдіс-тәсілдерін мүмкіндігінше бөлісіп отырыпты. Онлайн білім алудың қиындығына қарамастан, биыл бұл білім ордасынан 9 алтын белгіге үміткер шықты.
«Жыл толығымен онлайн форматта өткізілді. Бұл жерде, әрине, әр мектепке әрқалай. Ата-ана, оқушы, мұғалім біріккен кезде барлық жұмыс нәтижесіне жетеді. Сол сияқты біздің мектебімізде де сол үштік одақтың бірігуі арқылы жыл бойы жақсы білім беріп шықтық», – деді №59 мектеп-гимназияның директоры Айжан Қасымова.
Әнел Сайрашева бүгін ерекше толқыныс үстінде. Жас түлектің көңілінде қуанышпен қатар кішкене қамығу да бар. Алтын белгіге үміткер соңғы қоңырау кешін күтіп, сыныптастарымен басқосуға асыққанын жасырмайды.
«Осы оқу жылында біз көбіне онлайн сабақ өткендіктен, ол балаларға да бәрімізге әсер етті. Негізінде жылда 11-сыныптар соңғы жылдарын тату өткізетін. Алайда осы жылы онлайн болғандықтан біз барлығымыз әр жақтан компьютердің бетіне қарап отырып, араласпай да кеттік», – деді жас түлек Әнел Сайрашева.
Биыл жалпы қала мектептерінде сабақтар онлайн форматта өтті. Дегенмен оқу жылының басында ата-аналардың өтінішімен 1- 5-сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылды.
«Оқу жылының басынан бастап оқу жылы жалпы Қазақстан бойынша қашықтан оқыту форматында басталғаны бәрімізге белгілі. Бірақ, сонымен қатар, ата-аналардың өтініштерінің негізінде 1- 5-сыныптарда алдымен басталды кезекші сыныптарды ұйымдастыру. Одан кейін үшінші тоқсаннан бастап 9-11-сыныптарда да кезекші сыныптарды аштық», – деді қалалық білім басқармасы бөлімінің бас маманы Бибігүл Шамкереева.
Ал, биыл Алматыда 11 337 түлек үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Олардың 642-сі «Алтын белгіге», ал 758-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы