Қашықтан оқу: Алматы мектептері жаңа жүйеге қаншалықты дайын

almaty.tv
almaty.tv
Елімізде онлайн сабақтың басталғанына 3-күн
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде онлайн сабақтың басталғанына 3-күн. Бұған дейін оқу жылы басталмас бұрын әр мектепте сынама сабақтар жүргізілген еді. Десе де оқушылар мен мұғалімдер онлайн оқудан гөрі оффлайн оқығанды қолдайды. Себеп неде? Қала мектептері жаңа жүйеге қаншалықты дайын? Almaty.tv тілшісі  Ұлағат Арғын толығырақ айтады.  

Бүгін қаламыздағы мектептерде онлайн сабақтың басталғанына 3-күн. Оқушылар мынандай парталар мен сыныпты компьютерлік гаджеттермен алмастырды. Сыныптарда балалар жоқ, мұндайға көз үйренбеген дейді ұстаздар қауымы. Есесіне білімге ештеңе кедергі емес. Мұғалімдер онлайн сабаққа үйренген.

Маржан Құлболдықызы – биыл 32 қыркүйегін қарсы алған білікті маман. Үйретуден жалықпаған ұстаз жаңа оқу жылының ерекше басталғанын айтады. Бүгінде онлайн мен оффлайн болып екіге бөлінген өмірде білім саласы да кезең-кезеңімен үйреніп келеді дейді. Десе де оқушының сыныпта отырып, мектептің абыр-сабыр шынайы өміріне ештеңе жетпейді дейді ол. Оқушыларға деген сағынышын көзінен байқауға болады.

«Қазір біз балаларды салауатты өмір салтымен және функционалды өмір салтымен қандай қиын жағдай болмасын ата-анасыз, мұғалімінсіз тығырықтан шығатындай жол тауып жатырмыз. Қиындық болып жатады техника болғаннан кейін», – деді Қ. Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназиясының мұғалімі Маржан Сансызбаева.

Оқу онлайн түрінде өтсе де, сабақтың сағаттары қысқартылған жоқ. Тек оның ұзақтығында ғана өзгеріс бар. Бұрын 40 минут болса, қазір бір сабақ жарты сағат болады. Қоңырау кестесі мен кластардың ауысымы да сол күйінде қалды.

«Қашықтықтан оқу бізде зум, майкрасофт платформалар арқылы өтеді. Бұл платформаларды біз оқушылармен онлайн сабақ жүргізіп, оларға жаңа материал түсіндіру үшін қолданамыз. Ол месенджерлерде оқушылар біздерге сабақты орындап бізге жібереді. Біз оны жүктеп қоямыз», – деді № 95 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қайрат Нұржанов.

Ақерке де мектептегі достарын сағынған. Онлайн оқу кезінде техникалық ақаудың жиі болатынын жасырмады. Оның үстіне ата-анасы бұл жүйе баласының сабақ үлгеріміне әсер ете ме деп алаңдайды.

«Қазір қауіпсіздікке байланысты онлайн оқып жатырмыз. Бірақ мектепке барып, достарымызбен мұғалімімізбен кездесіп оқыған ұнайды. Алдағы уақытта жағдай тұрақталса, мектепке барғымыз келеді», – деді № 95 жалпы білім беретін мектеп оқушысы Ақерке Қанапияева.

Қала бойынша 207 мемлекеттік және 63 жеке меншік мектеп бар. Онда 300 мыңға жуық бала білім алуда. Қазір барлық мектепте ақпарат орталықтары жұмыс істеп тұр. Оқушылар мен ата-аналар алаңдатқан сұрақтарына тиісті нөмірге хабарласып, жауап ала алады.

Новости партнеров