Сабаққа да санаулы күн қалды. Қазір үйдегі ата-ана баласын қатардан қалдырмай мектепке дайындаудың қамымен жүр. Жыл басталғалы елде оқу құралдары 64 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тамыз түскелі Гүлнәрдің түн ұйқысқы төртке бөлінді. Оның қазіргі уайымы балаларын мектепке әзірлеу. Бір үйден бесеуі сабаққа барады. Жолдасының бір жалақысына қарап отырған ана бәріне жеткізуге қам жасап отыр. Бір баланың мектепке қажет заттарын алуға кем дегенде 130 мыңға шығыпты.
– Бес баламды үнемдеп киіндіргеннің өзінде 600 мың теңге қажет. Дәптерді 17-20 теңгеден дәптер алғанбыз. Биыл көтеріліп тұр, – деді көпбалалы ана Гүлнәр Тоқтар.
Базардағы сөреде оқу құралдары, мектеп формасы самсап тұр. Сатушынының айтуынша, бір жылда құны шарықтап кеткен кеңсе тауарларының бағасы өспепті.
– Былтыр дәптер жетіспеді. Биыл кеңсе тауарлары бағасы қымбат емес. Бес жыл бұрын сатқан қалам әлі 50 теңге. Бірақ жетіспеушілік болады, – деді саудагер Айзада Аманжолова
Сатушының арзан деп меңзегені – жәрмеңкедегі баға. Мұнда дәптер құнында өзгеріс болмағанымен, басқа қажетті құралдарда өсім байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басталғалы елде оқу құралдары 64 пайызға қымбаттаған. Бағасы аспандап тұрған кеңсе тауарларының көшін 77,2 пайызбен көк дәптер бастайды. Одан кейін түрлі-түсті қарындаштар – 41,9%-ға, сурет альбомы 44,1%-ға өскен.
Оқу құралдарынан бөлек, мектеп формасының бағасында да өзгеріс бар. Сатушылардың сөзіне сенсек, жәрмеңкедегі баға арзандаған көрінеді. Мәселен, қыз балаға арналған жейдеше 3-5 мың теңге аралығында саудаланып жатыр. Ал ұл балаға арналған жейде 3 жарым мыңнан басталып, 7000-8000 теңгеге сатылып жатыр.
Жаңа оқу жылы қарсаңында құзырлы министрлік көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға жылда мектеп формасы мен керек-жарағын сатып алуға ақша бөледі. Бұл көмек сомасы биыл әр балаға 40 мың 567 теңгеден қарастырылған.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оұи отырыңыз: Ерболат Досаев мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді