Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі білім беру жүйесін қалпына келтіру қажеттігін қадап айтты. Әлемді жайлаған індет білім саласына зиянын тигізбеуі тиіс. Ол үшін мұғалімдер де ата-аналар да, жалпы азаматтық қоғам белсенділік танытуы керек. Алматы қаласының мектептері екінші тоқсанды қалай бастады? Олар мемлекет басшысының тапсырмасын қалайша жүзеге асырмақ? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.
Күні кеше ғана мектеп оқушыларына II тоқсан басталды. Алматы қаласының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 1-сынып пен 5-сынып аралығындағы оқушылар үшін кезекші сыныптар ашылған. Ол үшін ата-аналар мектеп басшылығына өтініш жолдауы тиіс. Ал бір сыныптағы балалар саны 15-тен аспауы шарт. Сондай-ақ, оқушыларды отырғызғанда әлеуметтік арақашықтық ескерілуі керек.
Бұл – 2-сынып оқушыларынан құралған кезекші сынып. Көріп тұрғанымыздай, мұнда барлық санитарлық талаптар сақталған. Әлеуметтік арақашықтық ескерілген, оқушылардың барлығы бетперде таққан. Мектеп басшылығы, мұғалімдер, тіпті оқушылардың өзі де бекітілген ережелерге асқан жауапкершілікпен қарайды.
Медеу ауданында орналасқан №33 мектеп-лицейінде 178 бала білім алып жатқан 11 кезекші сынып бар. Олар екі ауысымда оқиды. Әр оқушы мектепке кіреберісте дезинфекциялық туннелден өтеді. Ал оларды күтіп алатын мейірбике әрбірінің дене қызуын өлшеп, арнайы қойын дәптеріне тіркеп отырады. Әр сыныпта кесте бойынша қосылатын квартц, медициналық бетперде, қолғап бар. Санитарлық ережелерді еске салар жапсырмалар да жеткілікті. Ал сыныптардың қоңырау кестесі әртүрлі. Мақсат – оқушыларды бір жерге шоғырландырмау. Санитарлық талаптардың сақталуын арнайы мониторингтік топ тексереді.
«Кезекші сыныптардағы санитарлық талаптардың сақталуы біздің мониторингтік топтардың бақылауында. Бүкіл мектеп барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал ата-аналар өздерінің балаларына күнделікті бір шашуға жететін залалсыздандыру құралдарын алып жүруге және маскамен қамтамасыз етуге міндетті», – деді Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ағайша Сапарова.
Одан бөлек, мектепте қашықтан білім беру жүйесі де қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Оқу жылының басында 245 бала арнайы техникамен қамтамасыз етілді. Ал отандық платформа арқылы білім беріп жатқан мұғалімдер өз жұмыстарына аса мұқият. Оқу сапасын аудандық білім беру басшысы мен мектеп директоры ұдайы қадағалап отырады. Тіпті, онлайн форматта өтіп жатқан сабаққа арнайы логин арқылы кіріп, қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
«Біріншіден, бұл жерде баланың білім сапасына өте қатты мән береміз. Барлық пәнді 100 пайыз қамтып, біз сабақтарына қатысамыз. Білім сапаны барынша төмендетпеуге біздің мұғалімдеріміз де, әкімдік тарапынан да жұмыс жасалынып жатыр», – деді №33 мектеп-лицейі директорының уақытша міндетін атқарушы Нұрлан Әлиев.
Айта кетейік, Алматы қаласы бойынша барлығы 275 мектеп бар. Оның 205-і қазіргі таңда қашықтан жұмыс істеп жатыр, ал 140 мектепте кезекші сыныптар ашылған.
Жанар Ғантқызы, Рәшид Шүкірәлиев «Алматы» арнасы