Жақсы көретін тәрбиешіні бала да сезеді - Эльмира Кенжебаева

Almaty.tv
Almaty.tv
Салада 30 жыл еңбек етіп келе жатқан ол мамандығын жақсы көреді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұрпақ тәрбиесі - ұлт болашағы. Бала тәрбиесі отбасынан негіз алса, үлкен өмірдің алғашқы қадамдары балабақшадан басталады. Сондықтан бөбекжайларда еңбек ететін тәрбиешілерге түсетін жүктің салмағы ауыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Балалармен жұмыс істеудің қызығы да, шыжығы да жетіп артылады» дейді №56 балабақшада еңбек ететін Эльмира Есенбайқызы. Заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ өсіру – тәрбиешілердің жан-жақты болуын талап ететінін түсінеді кейіпкеріміз. Бала тілін табу үшін жаңа әдістер мен технологияларды қолданады. Әсіресе бөбектерді ойын арқылы білімге, еңбекке баулиды.

«Әр баланың мінез-құлқы әртүрлі. Солардың жүрегіне, өзіне не ұнап тұр, соны біз таба білуіміз керек, жұмысымыз өте жеңіл болады. Бала тілін таба білуіміз керек. Баланы сүюіміз керек. Жақсы көріп тұрған тәрбиешіні бала да сезеді», – деді №56 балабақшаның тәрбиешісі Эльмира Кенжебаева.

Салада 30 жыл еңбек етіп келе жатқан ол мамандығын жақсы көреді. Бүлдіршіндермен жұмыс істегенді жаны сүйеді, содан қуат алады. Басты жетістігі – балаға дұрыс тәрбие беру.

«Биылғы балаларым – ересектер тобы. Осы ересектер топтарын мектепке аман-есен дарялап, өзімнің үйреткенімді солардың бойларынан таба білсем деп армандаймын. Әр бала өз алдына жұлдыз деп есептеймін», – деді №56 балабақшаның тәрбиешісі Эльмира Кенжебаева.

Эльмира Кенжебаева ұжымда да сыйлы. Бұл талай жылғы еңбегі мен ашық жарқын мінезі, темірдей төзімділігінің арқасы. Әріптестерінің айтуынша, ата-аналар да үздіксіз байланыста болып, жаңа келген жас маманды қолдап отырады.

«Эльмира Есенбайқызы өзінің еңбек жолында әр баланың жүрегінен орын ала біледі. Қазіргі балалардың бәрі бірдей емес. Әртүрлі, түрлі отбасынан шыққан. Әр баланы өзіне сүйсіндіре білген, өзінің білім нәрімен сусындата білген майталман тәрбиеші», – деді №56 балабақшаның тәрбиешісі Ақбота Мұстафина.

Өзгенің перзентін өзінікінен кем көрмейтін кейіпкеріміз жаңа мекеме ашып, балабақша ісін ұлттық тәрбиемен ұштастыруды армандайды. Үйіндегі үш баланың ғана анасы емес, талай бүлдіршіннің белін буған ол республикалық «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталған.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров