Алтын Орда дәуіріндегі арабжазулы эпиграфика: Алматыда ғылыми семинар өтті

19.09.2024 16:14

Шетелдік және отандық ғалымдар эпиграфиканы зерделеудегі тәжірибелерін ортаға салды

Аlmaty.tv

Алматыда Алтын Орда дәуіріне жататын араб жазулы эпиграфикасына арналған халықаралық ғылыми семинар өтті. Басты мақсат - тасқа қашалып салынған ескерткіштерді зерттеп, сақтау, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жиынға қатысқан Ресей, Өзбекстан, Түркия және отандық ғалымдар эпиграфиканы зерделеудегі тәжірибелерін ортаға салды.  

«Осы кезге дейін әртүрлі жанрдағы жазулар табылды. Алайда эпиграфиканы зерттеуге қанша күш салғанымен, көптеген жазу әлі ғылыми айналымға енген жоқ. Оларды тезірек зерделеу қажет. Өйткені эпиграфикалық ескерткіштер уақыт өте қирай бастайды. Сол себепті уақытында зерттеу маңызды», - деді конференцияға қатысушы Замир Закарияев (Дағыстан). 

Көпшіліктің көтеріп отырған тақырыбы аса ауқымды. Өйткені ерте дәуірлерге тиесілі ескерткіштерді зерттеу тарихтың ақтаңдақ беттерін толтыруда айрықша маңызды дейді түркиялық ғалым.

«Құлпытас деген - бір мемлекеттің тікелей төлқұжаты. Ол елді кім билегенін белгілейді. Сондықтан бұл құлпытастарды зерттеу жұмысы аса маңызды. Жерленген кісі кім, қандай тайпалардан болғаны ұлт үшін маңызды дүние», - деді конференцияға қатысушы Осман Кабадайы (Түркия).