Күзгі науқан басталғалы 42 пайызы орылған
Бүгін – Дүниежүзілік күріш күні. Бұл атаулы күнді БҰҰ бекіткен. Әлемде күріштің отаны Оңтүстік Шығыс Азия болса, елімізде Қызылорда облысы ақ маржанымен алда келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл өңірде күздің салқыны ерте сезіліп жатыр. Бірақ диқандар үшін ең бастысы жауын-шашын жоқ. Қармақшы ауданындағы Жаңажол ауылының қырманында жұмысшылар үш ауысыммен тынбай еңбек етіп жатыр. Егіс алқабында да түн ортасына дейін қызу тірлік жүруде.
Шаруашылық 3100 гектар жерге күріш егеді. Бізде 350-400 адамдай жұмыс істейді. Қырманға 75 мың центнердей астық түсті. Бұл жерде 40 адам үш ауысымда жұмыс істеп жатыр, – деді қырман меңгерушісі Балтабай Сәметов
Шиелі ауданы Ақмая ауылының шаруалары егіс алаңын цифрландыруға көшкен. Диқандар биыл 1270 гектар алқапқа күріш егіпті. Олар лазерлік технологиямен тегістелген жерге сапалы тұқым сеуіп, жұмыс күшін автоматтандыруға басымдық берген. Шаруалар баладай бапталған дақылдың шығымы жақсы деп отыр.
Биыл өнім жақсы шықты. Жауын-шашынға қалмай жинап алуға тырысып жатырмыз. Бес-алты жыл бұрын егіс алаңын цифрландыруға көшкен. Қандай ауру барын, алдын ала болжай аламыз, мәселе дер кезінде шешіледі, – деді шаруашылық төрағасы Дәулет Жұмбеков.
40 жыл трактор тізгіндеген Гүлсім Дәрібаева таң атысымен егіс басында жұмыс істеп жүр. Тәжірибелі диқан – қазір бригадир. Өзіне бекітілген алқапты аралап, күнделікті жұмыстың барысын қадағалайды.
Дәнге керекті тыңайтқыштармен қамтамасыз еттік. Дронмен гербицид септік. Биыл жоғары көрсеткішке ие боламыз деп отырмыз, – деді бригадир Гүлсім Дәрібаева
Облыста 86 мың гектарға жуық күріштік алқаптың күзгі науқан басталғалы 42 пайызы орылды. Сыр диқандары егінді жинау жұмыстарын күн-түн демей жүргізіп, дақылды қазан айының ортасына дейін қамбаға құюды межелеп отыр.
Айта кетейік, әлем елдеріне ең танымал дәнді дақылдың тарихы 7 мың жылға жуық. Алғаш рет Шығыс Азияда өсіріле бастаған күріштің қазір 20-ға жуық түрі кездеседі екен.
Асқар Сәрсенұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы