Жыл сайын мегаполистегі Ұлттық госпитальда шамамен 200 адам ем қабылдайды
Алматыда остеопороз диагнозымен ауыратындар саны артқан. Жыл сайын мегаполистегі Ұлттық госпитальда шамамен 200 адам ем қабылдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Остеопороз – адамның қаңқа сүйектерін ғана емес, жалпы сүйектердің жұмысын зақымдайтын кең таралған ауру. Дерт ұзақ уақыт бойы білінбей, көбіне жарақат алғаннан кейін ғана байқалады. Онымен 50 жастан асқан жандар, кальций мен D дәрумені жетіспейтіндер, сондай-ақ ер адамдарға қарағанда, әйелдер жиі ауырады.
«Остеопороздың бастапқы кезеңінде ешқандай белгі болмайды. Бұл — аурудың басты ерекшелігі. Көбіне сүйек сынған кезде ғана анықталады. Остеопороз кезінде буындар зақымдалып, аяқ-қол буындары бұзылады. Қазір буындар қатты зақымданған жағдайда артроз кезінде қолданылатын балама әдіс эндопротездеу», – деді ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ұлттық госпиталі бөлімінің меңгерушісі Сәкен Молдағалиев.
Ақ халаттылар бұл аурудың «жасарып» бара жатқанын айтады. Соңғы уақытта тек егде жастағылар емес, 30 жасқа дейінгі жандар да аталған дертпен бетпе-бет келетін көрінеді. Оған дұрыс тамақтанбау, энергетикалық сусындарды тұтыну және физикалық белсенділіктің аздығы себеп дейді. Бұл әрекеттер ағзадағы кальцийдің азаюына әкеліп, остеопороздың даму қаупін одан сайын арттырады. Сондықтан мамандар дер кезінде тексеруден өтіп, дәрумендерді маманның кеңесімен ғана қабылдау керек екенін айтты.
«Ең басында ол – диета терапия. Тамақтың құрамындағы кальцийдің мөлшерін көбейту, витамин Д қабылдау. Әдетте, витамин Д күннің әсерінен түзілетін витамин. Дегенмен қазіргі уақытта барлық адамға ішуге кеңес береміз», – деді ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ұлттық госпиталінің эндокринолог дәрігері Мөлдір Маратова.
Айта кету керек, жыл сайын Ұлттық госпитальда шамамен 200-ге тарта ота жасалады. Хирургиялық көмек тегін де, ақылы негізде де көрсетіледі. Дәрігерлер аурудың алдын алу үшін азаматтарды уақытылы тексеруден өтіп, белсенді өмір салтын ұстануға шақырады.
Диана Тұрлыбек, Амина Усенова, Ялкунжан Ашимжанов
Оқи отырыңыз: Алматыда цифрлық технологиялардың көмегімен білім беру үрдісін оңтайландыру мәселелері талқыланды