Мен – XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын: Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды

09.02.2026 21:26

Жастайынан жоқшылықтың, жетімдіктің қасіретін әбден тартқан ол 45 жыл ғана ғұмыр кешті

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім. 

Жыр жазсам, оған, жұртым, елеңдестің.

Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім».

Өлмес өлең қалдырып, қара сөздің қасиетін ұлықтаған ақынның туғанына бүгін – 95 жыл. Тағдырдың талай тауқыметін тартып, көзі тірісінде лайықты баға алмаған тұлға бүгінде поэзияның шыңы, өлең-сөздің биігіне айналды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өмірден өзі өтсе де, өлеңі – халықпен мәңгі жасайтын рухани мұра. Мұқағалидың қаламынан туған жолдардан алпысты алқымдаған ағалар да, алтыға толған балалар да өзіне керегін табады, Мұзбалақтың мөлдір әлеміне енеді. Өзі де «Мен – XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да» дейді.

«Ақын атамыздың 95 жылдық мерейтойы, бір жағынан қарасақ, 100 жылдықтың алдындағы дайындық деп ойлаймын. Елу жыл бұрын жазып кеткен өлеңдерін кеше ғана сиясы кеппегендей қабылдауы – ақынның артында қалдырған дүниелерінің өміршең екендігін көрсетеді», – деді М. Мақатаевтың келіні Бақытгүл Айдарова.

Поэзияның Хан Тәңірі осыдан 95 жыл бұрын Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Қарасаз төрінде дүниеге келген. Жастайынан жоқшылықтың, жетімдіктің қасіретін әбден тартқан ол 45 жыл ғана ғұмыр кешсе де, тағылымы мол мұра қалдырып, абырой биігінде орын алды.

«Жыл сайын ақпанда Мұқағалидың туған күнін республикада, түкпір-түкпірінде ешқандай тапсырмасыз-ақ атап өтіп жатады. Біз соған қуанамыз. Қазақтың жүрегіне өте жақын той, Мұқағалиды халық ұмытпай,  XXI ғасырға өттік, бұл  ғасырда да Мұқағалидың даңқы биіктеп бара жатыр. Оны биіктетіп бара жатқан өлмейтін, өшпейтін өлеңдері», – деді ақын Әділғазы Қайырбеков.

Бүгінде республика аумағында ақынның есімі берілген мектептер, көшелер мен ескерткіштер көп. Ал өзі қара өлеңіне жиі қосқан Қарасазында мұзбалақтың әдеби-мемориалды музейі бар. Мұражайға Мұқағалидың ұрпақтары арнайы кеп, өзі тұтынған жеке заттарын табыстаған.

«Мұқағали атамызға тиесілі экспонаттың бәрі бағалы деп айтсақ болады. Бұл жерде негізінен өзі ұстаған портфелін бағалы деп есептейміз, одан кейін өзінің 1974-1975 жылдары жазған қойын дәптері, қолжазбалары, киген сым-костюмі, таққан галстугы, ұстаған бұйымдары тұр», – деді М. Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Ерлік Ахметов.

Аласармайтын алып тұлға қалың қазақ барда мәңгі жасай бермек. Өйткені, оның жыры ұлы даланы кезіп, ұлтының санасында жаңғырып, жатталып келеді.

Оқи отырыңыз: Алматы жастар арасындағы ел чемпионатында көш бастады