Коучинг қызметінің кәсіби стандарты күшіне енді

17.02.2026 19:45

Бастаманың мақсаты – тұтынушылардың құқығын заң аясында қорғау және қызмет сапасын арттыру

 

Енді екінің бірі өзін коучпын деп атап, түрлі оқу курсын емін-еркін сата алмайды. Себебі коучинг қызметінің кәсіби стандарты ресми түрде күшіне енді. Бұдан былай бұл салада жұмыс істейтін мамандар халықаралық деңгейде мойындалған сертификатқа ие болуы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елімізде коучтарға тықыр таянды. Енді бұл салада қызмет көрсету үшін мамандар ресми тіркеліп, арнайы кәсіби даярлықтан өткенін растауы тиіс. Нақтырақ айтқанда, Халықаралық коучинг федерациясы беретін халықаралық сертификат болуы міндетті. Сондай-ақ олар әр үш жыл сайын кемінде 40 сағат көлемінде қосымша оқудан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырып отыруы қажет. Ал саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар біліксіз кеңес берушілердің көбейіп кеткенін жасырмайды.

«Мен қолдаймын, құптаймын. Өте дұрыс қадам жасап жатыр. Халық арасында психологтарға, коучтарға деген сенімі жоғалып жатыр. Өйткені неге? Адамдар осындай тәжірибесі, білімі, дипломы, қағазы, сертификаты жоқ адамдарға барады, сосын оларға сенбейді. Нәтижесінде оларға зияны тиіп жатыр», – деді коуч Меруерт Тимурқызы.

Ал заңгерлер халықтың қаражатын иемденіп, тек пайда табуды көздейтін жалған коучтарға қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді.

Атап айтқанда, тұтынушылардың құқығы жаппай бұзылып немесе айтарлықтай зиян келтірілген жағдайда, «Алаяқтық» бойынша сараланады. Бапқа сәйкес, кінәлі деп танылған тұлға 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

«Коуч үш бағытта жауап береді. Бірінші бағыты – азаматтық құқықтық тәртіп, Екінші мәселе ол әкімшілік жаза бойынша жазалануы мүмкін. Егер де коуч жүргізуші азаматтың, тұлғаның негізгі ойы халықтың ақшасын жымқыруға бағытталса, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, яғни алаяқтық фактісі бойынша іс әрекетін саралауға болады», – деді заңгер Жандос Тұяқов.

Аталған мәселе бойынша елорда тұрғындарының да пікірін білдік.

«Оны білетін, психологияны арнайы оқыған кісі болуы керек. Қазір интернетте не көп, ақпарат көп. Оның қайсысына сене бересің» – деді қала тұрғыны Гүлнар Қалиева.

«Дәлелдеген құжаты болса, дұрыс шығар.  Адам коучқа барса, ізденіп жүр. Ол адамның өзінің таңдауы ғой», – деді  қала тұрғыны Талғат Ахметов.

Айта кетейік, бекітілген кәсіби стандарт коучинг қызметінің тоғыз негізгі бағытын қамтиды. Аталған стандартқа сәйкес, коучтар бизнес, мансап және көшбасшылықты дамыту, денсаулық пен әл-ауқатты нығайту, спорттағы нәтижелілікті арттыру, сондай-ақ кәсіпкерлік пен білім беру салаларында жұмыс жүргізе алады.

Оқи отырыңыз: Алматыда 160 инвестициялық жобаның аясында 24 мың қала тұрғыны жұмыспен қамтылды