Көшелер ойылып, шұрқ тесікке айналды: ШҚО-да қыстан кейін жолдардың жағдайы күрт нашарлап кеткен

Қала тұрғындарының сөзінше, жақында ғана жөндеуден өткен жолдардың өзімен қатынау қиын

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шығыс Қазақстан облысында қыстан кейін жолдардың жағдайы күрт нашарлап кетті. Облыс орталығы тұрғындарының сөзінше, қаладағы бірнеше көше шұрқ тесіліп, ойқы-шойқы жолдардан көліктер ұрылып-соғылып, жүргізушілер шығынға батқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі

Шығыс Қазақстан жұрты жаман жолдан әбден қажыған. Сөздерінше, көктем келісімен қаладағы көшелер ойылып, шұрқ тесікке айналады. Ойылып қалған жолдардың жағдайы ауылдан да бетер. Қазір жауын-шашын жиілегендіктен,  шұңқырлар да көрінбейген. Салдарынан темір тұлпарлар сынып, жөндеуден көз ашпайтын болған.

«Өте жаман. Шұңқырдың үстіне шұңқыр. Әбден шаршатты», деді қала тұрғыны.

Қала тұрғындарының сөзінше, жақында ғана жөндеуден өткен жолдардың өзімен қатынау қиын. Сөздерінше, былтыр ғана қыруар қаржы жұмсалып, асфальт төселген көше шұңқырдан көрінбейді.

«Мұндай жолдарда тіпті жол талғамайтын көліктердің өзі істен шығады. Қыстан кейін көбіне жүрісін жөндетуге келіп жатыр. Жолдардың жағдайы өте нашар» деді көлік жөндеу шебері Михаил Шемелин

Ал жауаптылар жағдайды аз да болса түзету үшін шұңқырларды қолдан келгенше бітеп жатырмыз дейді. Негізгі жөндеу жұмыстары күн жылынғаннан кейін басталады екен. Биыл орташа жөндеумен 48 учаске, қиыршық тас төсеумен 70 учаске қамтылады деп сендіріп отыр. Мұнымен қоса, аймақта соңғы жылдары жөндеу көрмеген республикалық маңызы бар трассалардағы шұңқырларды жамау басталыпты.

«Шұңқырларды жамау жұмыстары шамамен 31 мың шаршы метр. Жол таңбалау, жол белгілерін ауыстыру жұмыстары  орындалатын болады. Бұдан басқа, күтіп ұстау жқмыстары шеңберінде көптеген жұмыстар атқарылатынын хабарлаймыз», деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы Сымбат Қасенов

Айта кету керек, мамандар алдымен қар мен жаңбыр суынан зардап шеккен көшелерді жөндемек. Бұдан бөлек, биыл Өскемен – Алтай – Рахман қайнары және Өскемен – Риддер бағытындағы жол жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Диана Тұрлыбек, Руслан Мұхамедьяров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Қызылордалық полиция қызметкерлері екі азаматты аман алып қалды

Новости партнеров