Ысырап емес пе: мектеп бітірушілердің образы мен кеш шығындары қанша тұрады

22.05.2026 20:04

Мамандар эмоционалды шығынды баланың болашағына инвестиция құюмен алмастыру әлдеқайда тиімді екенін айтты

Биыл мектеп бітіру кешін мейрамхана, банкет залы, табиғат аясы сынды орындарда өткізуге тыйым салынды. Бұл – Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бірер күннен соң мектептерде соңғы қоңырау соғылады. Ресми деректерге сүйенсек, биыл 4 миллионға жуық оқушының 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері. Бітіру кешіне деген қызу дайындық әлдеқашан басталып та кеткен. Жастар Ұлттық бірыңғай тестілеуден алатын баллын емес, қалтасындағы ақшасын санайды. Грантты ойлаудың орнына мектеп бітіру кешінде «не кием» деп әлекке түсетіндер де бар. «Баламды қатарынан қалдырмайын» деп несие алып, қарыз қамытын арқалайтын жанұялар да жоқ емес. Ата-аналардың көбі «мұндай сән-салтанат тұнып тұрған ысырапшылық» деп дабыл қағып отыр.

«Банкет, мейрамхана, көйлек, костюм шалбары бар және мектептің ұйымдастырып жатқан іс-шаралары, ата-аналардың ұйымдастырып жатқан іс-шаралары бар. Осылардың барлығы үлкен ысырапшылдыққа әкеліп отыр. «Бала көштен қалып қалмасын» деген оймен ысырапқа жол беріп жатырмыз», – деді қала тұрғыны Гүлнұр Ғазиз.

  «Қыздарды және ұлдарды арнайы киіндіреді. Ол концерттік бағдарлама болып кетеді. Содан шоу жасап, арнайы неше түрлі бағдарламаны ұсынып, салыстырып, бәсеке жарысқа айналып кетеді. Керісінше сол ақшаны мысалы студент болғалы тұрған баланың жазғы уақытын тиімді пайдалануға, курстарға жіберуге болады», – деді қала тұрғыны Базаргүл Мәткерімқызы.

Ал түлектердің пікірі екіге бөлінді. Бірі өмірде бір рет қана болатын кешті аста-төк етіп тойлаған жөн десе, енді бірі сыныптастар арасындағы бәсеке ата-ананың қалтасына жүк деп отыр.

«Шаш, көйлек бар және қыздар бір-бірін қайталамау керек. Соған ерекше көйлек табу керек секілді. Бетті әрлеу кемінде 30 мың теңге. Шығын болғанмен, естелік керек», – деді мектеп бітіруші түлек Динара Базарбай.

«Жалғыз ұл болғандықтан ата-анам мен үшін әрдайым еңбектенген ақшасын беріп отырды. Ата-анамның қалтасына ауыр салмақ түстіі», – деді мектеп бітіруші түлек Семсер Серікұлы.  

Ал мейрамханада бір адамға арналған орташа төлем 16 мен 25 мың теңге аралығында. Кешті дүркіретіп, келген жұртқа көңіл-күй сыйлайтын жүргізушілер тағы бар. Ал олардың қызметінің құны орта есеппен 500 мың теңгеге дейін бағаланады.

Шығынның тағы бір үлкен бөлігі – мерекелік образ. Көпшілігі көйлекті сатып алудың орнына жалға берілетін киімдерді таңдайды. Оның орташа бағасы –  шамамен 30 мың теңге. Ал арнайы тіктіру немесе сатып алу құны 200 мың теңгенің айналасында. Елден ерекше болғысы келетін жасөспірімдер бұдан да көп шығындалады. Жалпы алғанда қыздарға 350 мен 500 мыңның ортасында, ал жігіттерге 200 мың теңгенің төңірегінде қаражат жұмсалады. Мамандар эмоционалды шығынды баланың болашағына инвестиция құюмен алмастыру әлдеқайда тиімді екенін айтады.

«Мысалы университетке түсті ме, қосымша курстар, өзінің білімін жетілдіру ең актуалды болашаққа қажет мамандықтар бойынша қосымша дағдыларын үйретуге күш салу керек. Қосымша тіл үйретуге болады. Барлығы – болашаққа адамның біліміне жасалған, оның біліктілігіне жасалған инвестиция. Осы ақшаның қайтымы бар. Артық заттардың бәрінің шығынын кесу керек. Қтшашудың не керегі бар? Лимузиннің не керегі бар? Кешті мазмұнды өткізуге болады»,– деді қаржы сарапшысы Айбар Олжай.

Ал психологтар баланың ақшаны оңды-солды шашуын тыйып, пайдасыз шығынға жол бермеу үшін ата-ана перзентімен жұмыс істеуі тиіс дейді. Оқушылардың бір-бірімен бәсекеге түсуі тек ортасына емес, әлеуметтік желіден көріп отырған контентіне де тікелей байланысты. Жастардың парақшасында жариялаған мінсіз келбеттері салыстыру механизміне әкеп соқтырады.

«Баласын қуанту үшін ата-ана неге қарызға кіреді? Өйткені, ата-ана да өмірдің құндылығын түсінбейді. Құндылығын түсінбегеннен кейін ата-ана да социумға қарап, ел не істеп жатыр, қайтталай береді. Ел қате жаққа кетіп бара жатса, бәріміз қателесуіміз керек қой. Баламен рухани, физикалық тәрбие жүргізсе, елмен бірге жүрмейді. Бала өзі жеке тұлға боп өсіп шығады», – деді психолог Шынар Құсманқызы.

Мектеп бітіру кеші – әр түлек үшін ерекше сәт. Соңғы қоңырау үшін ақшаны миллиондап жұмсау керек пе, жоқ па, әрине оны әр отбасы өзі шешеді. Бірақ қоғамда «өзгеден қалмаймын»  деген мақсат пен оқушылар арасындағы бәсекенің күшейіп бара жатқаны ата-аналардың әжептеуір уайымына айналып бара жатыр.

Айдана Шалқар, Мейрам Исабеков, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Түлектердің қауіпсіздігі: Алматы облысында полиция күшейтілген режимге көшті