Премьер-министр ет өңдеу зауытының алаңындағы өндірістің технологиялық үдерісімен және шығарылатын өнім түрлерімен танысты

08.06.2026 14:31

Олжас Бектенов терең өңдеу агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті

Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр «Астана ЕТКОМ» ЖШС ет өңдеу зауытының алаңында болып, өндірістің технологиялық үдерісімен және шығарылатын өнім түрлерімен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv

Кәсіпорын директоры Нұрлан Айтбаев зауыт 2026 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға берілетінін мәлімдеді. Жобалық қуаты тәулігіне 50 тоннаға дейін дайын өнімді, яғни жылына 18 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Шикізатты отандық өндірушілерден, соның ішінде «Айтас» АҚ, «KazBeef» ЖШС және өңірлердегі шаруа қожалықтарынан сатып алу жоспарлануда. Алғашқы кезеңде кәсіпорында 100-ге дейін жұмыс орны ашылса, толық қуатқа шыққаннан кейін бұл көрсеткіш 300-ге дейін жетеді. Кадр даярлау мақсатында кәсіпорын колледждер мен басқа да оқу орындарының студенттерін оқытуды ұйымдастырды, оларға кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.

Олжас Бектенов терең өңдеу агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет аграрлық секторды қолдауды күшейтіп, оның ішінде биологиялық қауіпсіздіктің негізі болып саналатын ветеринария саласын дамытуға, инфрақұрылымды жетілдіруге және бақылау жүйесін жаңғыртуға басымдық беріп отыр. Қазақстанның аусылдан таза ел мәртебесін алуы мал шаруашылығын дамытуға және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге қосымша жол ашады. Тұрақты шикізат базасы мен соңғы жылдардағы жоғары өнімділік бұл қайта өңдеу көлемін арттыруға, дайын өнім шығаруды көбейтуге және отандық тауарларды ішкі әрі сыртқы нарықтарға ілгерілетуге қолайлы жағдай қалыптастырады.

«Президент елордаға ерекше міндеттер жүктеп отыр: Астана әрдайым ауқымды бастамалардың алдыңғы шебінде болып, барлық өңірлерге үлгі болуы тиіс. Елорда инфрақұрылым, өнеркәсіп, логистика, цифрлық шешімдер және әлеуметтік сала бағыттарында дамудың жоғары қарқынын қалыптастыруы қажет. Әрбір жоба қаланың экономикасын нығайтып, жұмыс орындарын ашып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы маңызды. Сондықтан әкімдік пен салалық министрліктердің міндеті – жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ету, кәсіпорындарды уақтылы іске қосу және өндірістердің тұрақты жүктелуіне жағдай жасау», — деп атап өтті Олжас Бектенов.