Ойын футбол екі кезеңнен тұрады
Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі қыза түсті. Бүгін – жарыстың жетінші күні. Осы уақытқа дейін PUBG және фиджитал баскетбол дисциплиналары бойынша жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Өкінішке қарай, бұл бағыттарда отандастарымыз жүлделі орындарға іліне алмады. Бүгін «Болашақ ойындары» аясында фиджитал футбол турниріне әлемнің үздік 16 клубы қатысуда. Командалар 4 топқа бөлінген. Әр топтан үздік шыққан 2 команда плей-офф кезеңіне жолдама алады. Қатысушылар жалпы жүлде қоры 625 мың АҚШ долларын сарапқа салады. Додаға жиналған клубтардың барлығы чемпиондыққа басты үміткер саналады. Солардың бірі – әлем чемпионы атағын қорғауға келген Мексикалық ұжым.
«Турнирге тыңғылықты дайындалдық және Абу-Дабиде чемпион атанған құраммен келдік. Әрине, бұл жолы жаңа қарсыластар, жаңа командалар бар, соған бейімделуге тура келді. Енді оны ойын алаңында дәлелдеуіміз керек. Біз барлық қарсыласқа үлкен құрметпен қараймыз. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты командалар жиналған. Испания, Сауд Арабиясы, Африка елдерінің өкілдері бар. Бұл –«Болашақ ойындарының» басты ерекшелігі», – деді Мексикалық Quetzales Armadillos командасының мүшесі Родриго Улибарри.
Фиджитал футбол екі кезеңнен тұрады. Алдымен командалар цифрлық кеңістіктегі футбол симуляторында бақ сынайды. Бұл кезеңде әр командадан 4 ойыншы қатысады. Екеуі бірінші таймда, екеуі екінші таймда өнер көрсетеді. Цифрлық кезең аяқталған соң спортшылар нағыз тартыс өтетін алаңға қадам басады. Ал екінші кезеңде ойын 5×5 форматында өтеді. Жасыл алаңдағы әрбір сәт шешуші рөл атқарады. Себебі қос кезеңдегі барлық гол бір есепке жазылып, сол бойынша жеңімпаз белгілі болады.
Бұл – көрермен қызығушылығын ерекше аударған дисциплиналардың бірі. Көрермендер де, қатысушылар да бұл форматқа жоғары баға беріп жатыр. Ұйымдастырылуы, атмосферасы, барлығы ерекше әсер сыйлайды.
«Бірінші рет фиджитал ойындары туралы білдім. Өте қызықты әрі инновациялық ойын болып саналады. Күшті өтіп жатыр, фиджитал аренсында 5х5 ойындары да жақсы өтіп жатары», – деді қала тұрғыны.
Айта кетейік, «Болашақ ойындары – 2026» Астанада 29 шілдеден 9 тамызға дейін жалғасады. Жарысқа 8 дисциплина бойынша қатысушылар келді. Ал доданың жалпы жүлде қоры – 4 миллион 650 мың АҚШ доллары.
Оқи отырыңыз: Алматы студенттер шахматының әлемдік орталығына айналды