Қаралы күн: қазақстандықтар қаза тапқан 14 боздақтың отбасына көңіл айтуда

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 14-жалпыұлттық аза тұту күні. Ел Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің қайғысына ортақтасып, қара жамылды. Мемлекет басшысының өкімімен 25 қыркүйек қаралы күн болып жарияланды.

Қазақстан аумағындағы көк байрақтар тұғырының жартысына дейін түсіріліп, мәдени-бұқаралық және ойын-сауық шаралары тоқтатылды. Телеарналар мен радиолар да қалыпты хабар тарату кестесін өзгертіп, ойын-сауық бағдарламаларын эфирден алып тастады. Зиялы қауым өкілдерінің айтуынша, бүгінгі үнсіздік өмірден өткен азаматтардың рухына көрсетілген құрметтің, елдік жанашырлықтың белгісі.

«Жалпы халық үшін қызмет ететін, кемел жасына келіп тұрған жастардың өмірден кетуі – орны толмас ауыр дүние. Елге, жұртқа, қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз. Мұндай оқиға қайталанбасын. Әрине, ажал аяқ астынан, оған жасайтын қайранымыз жоқ. Мемлекет басшысы бірден үн қатып, қаралы күн жариялады. Мұндай қаралы күндер елімізде бұдан кейін болмасын», – деді М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Қазақ «қайғыны бөліссең – азаяды» дейді. Қаралы сәтте қазалы шаңырақты жалғыз қалдырмай, көңіл айтып, ауыртпалығын бірге көтеру – халқымыздың тарихтан жалғасқан ізгі дәстүрі. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің айтуынша, бүгін сол тағылымды үрдіс тұтас ел көлемінде көрініс тауып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына көңіл айтылып, марқұмдардың рухына тағзым етіліп жатыр.

«Бүгін Қазақстан аза тұтып отыр. Шындығында өзіміздің 14 қыршынымыздан айырылып қалдық. Бұлар шын мәнінде әскери міндетін өтеу кезіндегі ең жауапты кезде дүниеден өтіп отыр. Сондықтан да  батыр деп есептеуіміз керек. Әрқайсысы қазақтың үлкен қаһарманы», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Оқи отырыңыз: Каспийдегі жаттығуда қаза тапқан 14 әскери қызметшінің есімі жарияланды