Келер жылы қалада 20 жаңа аялдама орнату жоспарланған
Қостанай тұрғындары шыны аялдамалардың жел мен жауын-шашыннан қорғамайтынына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сырттай заманауи көрінгенімен, жолаушыға жайсыз. Қостанайдағы шыны аялдамаларға жұрттың көңілі толмайды. Мұнда автобус күткен адам ызғарлы желде қалады. Шағын шатыры жаңбырдан да, қардан да қорғамайды. Салдарынан тұрғындар қолайсыз ауа райында жылы жер таба алмай әлек болады.
БЛИЦ:
"Жел соғып, қар жауып тұрса да балалар аялдамада күтеді. Мына павильондар еш қорғамайды".
"Қатты жел соғып, қар жауғанда тұру мүмкін емес. Әсіресе баламен жүргенде қиын. Немереммен жиі қатынаймын, тоңып қаламыз".
Әкімдік бұл мәселені шешуге бірнеше жылдан кейін ғана шындап кірісті. Көптеген аялдамалардың тіпті ең қарапайым талаптарға да сай келмейтіні анықталды.
"Кейбір аялдамаларымыз дұрыс қымталмаған. Үстінен де, астынан да жел кіреді. Кіреберістері де осылай ашық. Іші жылы болуы үшін бір амалын табу керек. Міндетті түрде жылу жүйесін тарту шарт емес. Жел өтпейтін, адамдар кіріп, отырып күте алатын орын болуы қажет. Тек төбесі жабылған аялдамалар да бар", - деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Келер жылы Қостанайда 20 жаңа аялдама орнату жоспарланған. Алайда қала әкімі мұны жеткіліксіз деп санап, олардың санын жүзге жеткізуді тапсырды. Бұл үшін ірі компаниялардың қаражатын тартып, арнайы бағдарламаны іске қосу көзделіп отыр. Мамандар жаңа павильондардың сәулетіне ғана емес, қолайлылығына да мән беру керек екенін айтады.
"Бұл жұмысқа түрлі сала мамандары бірлесіп қатысуы керек. Көлік саласының мамандары аялдамаға қойылатын функционалдық талаптарды, жолаушылар ағынының бағыты мен көлемін анықтайды. Урбанистер қалалық ортаны талдайды. Сәулетшілер мен инженерлер павильонның құрылымын жобалайды. Ал билік органдары жобаның жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Кейін тұрғындар өз пікірін білдіріп, бағасын беруі тиіс", - деді урбанистика саласының сарапшысы Даниил Туленков.
Мамандар жобалау жұмыстарына аялдамаларға қызмет көрсететін маманданған компанияларды да тартуды ұсынады. Олар кейін павильондарды күтіп ұстауға, техникалық қадағалау мен тазалық жұмыстарына жауап бере алады. Бұл жобалау кезеңінде-ақ лайықты материалдарды таңдап, жолаушыларға да, қызмет көрсететін жұмысшыларға да қолайлы жағдайды ескеруге мүмкіндік бермек.
Айжан Дайрабай, Елисея Томашевская, Қостанайдан
Оқи отырыңыз: Алдағы үш тәулікте қар аралас жаңбыр жауады