Терроризмді насихаттаған екі қазақстандыққа сот үкімі шықты - ҰҚК

04.01.2025 11:07

Олар өзгелерді шетелдегі лаңкестер қатарында соғысқа қатысуға шақырған

Pranav Shrivastava / Unsplash

Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризмді насихаттағаны және басқа да қылмыстары үшін қамауға алған екі қазақстандыққа қатысты сот процестері аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Солардың бірі – Тараз тұрғыны, айналасындағыларды шетелдегі лаңкестер қатарында соғыс әрекеттеріне қатысуға шақырып, сонымен қатар өзі де оларға қосылуды жоспарлаған", - делінген ҰҚК хабарламасында.

Тараз қалалық сотының шешімімен ол терроризмді насихаттағаны (ҚК-нің 256-бабы), діни араздықты қоздырғаны үшін (ҚК-нің 174-бабы) кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Тағы бірі – Алматы тұрғыны, жалпы қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған, ғаламтор желісінде радикалды идеологияны насихаттаған", - делінген хабарламада.

Алматы қалалық сотының шешімімен ол терроризмді насихаттағаны (ҚК-нің 256-бабы), есірткіні заңсыз пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 296-бабы) кінәлі деп танылып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды.

Ата кетсек, 2024 жылдың басынан бері террористік және экстремистік әрекеттері үшін 84 адам сотталған.

Оқи отырыңыз: Ақмола облысындағы жол апаты: 95 көлік шығарылып, 10 адам ауруханаға жеткізілді