Елімізде қай облыстарда жол жабылды

08.01.2025 14:43

"ҚазАвтоЖолдың" ресми мәлімдеуіне сүйенсек, бүгін 5 облыстағы 6 автожолда көлік қозғалысына шектеу қойылған

Қар құрсауында мыңға жуық көлік қалып қойды. Оның шамамен 600 жүзі жүк машинасы, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жамбыл облысының аумағында, Шымкент, Алматы мен Түркістан облысына қатынайтын жолдың бәрі жабық. Қыс қаһарына мініп, жолда қалған жолаушыларды патрульдік полицейлер мен құтқарушылар түнімен көрші ауылдарға тасымалдаған.

Айта кетейік, тоқтаусыз жауған қар елдегі республикалық маңызы бар біршама тас жолдағы қозғалысты қиындатты. Сондықтан жауапты органдар азаматтарды сақ болып, алыс жолға шықпауға шақырады.

"Түлкібас ауданының аумағында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты,  Алматы-Ташкент-Термез тас жолының 593-620-шақырымында барлық автокөліктерге шектеу қойылды. Құрметті тұрғындар, жолға шықпауларыңызды сұранамыз!" – деді Түлкібас ауданы ТЖБ аға инженері Мадияр Қазбек.

"ҚазАвтоЖолдың" ресми мәлімдеуіне сүйенсек, бүгін 5 облыстағы 6 автожолда көлік қозғалысына шектеу қойылған. Қалғандары біртіндеп қалыпқа келген. Республикалық жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына 762 арнайы техника мен 1555 маман жұмылдырылды.

Жамбыл, Қызылорда, Жетісу, Түркістан мен Алматы облысына қарасты трассаларда жұмыс қызу.

Айта кетейік, Қазгидромет орталығы бүгін елдің 14 аймағында қарлы боран мен көктайғақ болады деп хабарлады.

Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр