Мамандардың айтуынша, бұл – елде баламасы жоқ, бірегей нысан
Алматыда елдегі алғашқы алюминий және биметалл радиаторларын шығаратын зауыт іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы индустриялық аймақ – жүзден астам компанияға қызмет көрсететін ірі өндірістік алаңдардың бірі. Мұнда автокөлік, құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдерін шығаратын алып кәсіпорындар шоғырланған. Ал биыл көктемде мұнда тағы бір ауқымды жоба – радиатор шығаратын зауыт іске қосылды. Мамандардың айтуынша, бұл – елде баламасы жоқ, бірегей нысан. Зауытта орнатылған бес бірдей автоматтандырылған желі күн сайын он мыңға жуық радиатор секциясын жасап шығарады.
«Қытайда жиырма жылға жуық радиатор өндірумен айналысып келеміз. Енді міне, осы өндірісті Қазақстанда да іске қостық. Тұрмыстық қалдықтарды көп мөлшерде жинап, олардан дайын радиатор шығарамыз. Бұдан бөлек, тағы жеті желілік машинаны сатып алып, өндіріс көлемін 15 миллион секцияға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бізде тек өндірістік тәжірибе ғана емес, тұрақты сатып алушылар базасы да бар. Ресейден көптеген сенімхаттар келіп түсіп жатыр, сонымен қатар Әзірбайжан мен Украинадан да тапсырыстар бар», – деді инвестор Юань Сы.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, олар бірегей технологиялар негізінде радиаторлардың сапасын ұзақ жылдар бойы сақтап тұратын анафорездік бояуды қолданады. Бұл әдіс өнімнің сыртқы пішіні мен қуатын 20 жылға дейін пайдалануға мүмкіндік береді.
«Зауыт – уникалды өндіріс орны. Бұл жай сыртта жатқан қоқыстан дайын өнім шығарады. Көріп отырғандарыңыздай секциялық радиаторлар, бұдан бөлек жоспарды панельді радиаторлар шығару бар. Зауыттың қазіргі өндіріс қуаты 5 миллион секцияға жетеді. Күнделікті 10 мың дана секция өндіріп жатырмыз», – деді зауыттың бас директоры Сайын Мұсаев.
Индустриялық аймақтағы тағы бір жаңа нысандардың бірі – кабель шығаратын зауыт. Бұл кәсіпорын ай сайын 100 тоннаға дейін мыс өңдеп, 21 миллион метрден астам кабель мен сым шығаруға қауқарлы. Зауытта 50-ден көп жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар компания өнімін Қырғызстан мен Тәжікстанға экспорттап отыр.
«Біз негізінен Қазақстан нарығында саудамен айналысамыз. Клиенттеріміз – құрылыс компаниялары, электр дүкендері. Еуропа нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Өйткені бұл – өте жақсы мүмкіндік», – деді зауыттың коммерциялық директоры Мәди Мұханұлы.
Биыл Алматының Индустриялық аймағында тағы 11 жаңа өндіріс ошағы іске қосылмақ. Бұл жобалар аясында 2 600-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Қазірдің өзінде аумақтағы кәсіпорындар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, роботтандырылған технологиялар пайдаланылуда.
Әйкерім Пернебек, Әмина Үсенова, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Қазақстан алғаш рет күнбағыс майының үздік экспорттаушылары қатарына енді