Терімжолда табыстық: Қапышевтар әулетінің тыныс-тіршілігі болат жолмен біте қайнасқан

Өнегелі әулет былтыр «Мерейлі отбасы» жобасына қатысып, жеңімпаз атанған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін – халықаралық отбасы күні. Бұл мереке 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген. Ал араға бір жыл салып бұл күнді күллі әлем атап өтті. Қазір елімізде 6 миллион 200 мыңнан астам жанұя түтін түтетіп отыр. Халыққа өнеге, жұртшылыққа үлгі болып отырған шаңырақтар да аз емес, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қапышевтар әулетінің тыныс-тіршілігі темір жолмен біте қайнасқан. Өнегелі отбасы талай жылдан бері болат жолды кәсіп етіпті. Мұрат Қапышев – ардагер теміржолшы. 45 жыл ғұмырын осы салаға арнаған ақсақал да әкесінің жолын қуған. «Оның қызметін көріп, еліктеп, қызығып өстік, теміржолшылардың биік талғаммен тігілген формасы да кәсіпке деген махаббатымызды оятқаны рас» дейді.

 «Біздің ата-анамыз темір жол саласында істеген. Апайымыз, ағайымыздың, жезделеріміз теміржол саласында істеді, солардың істеген жұмысына қарап, қызығушылық танытып, біз де осы салаға келдік», – деді ардагер теміржолшы Мұрат Қапышев.

Қапышевтар әулетінің келіндерінің де тағдыры теміржолмен байланысты. Мензипа Төлеуова мен Мұрат Қапышевтың отау құрғанына биыл 46 жыл болыпты. Ақжаулықты ана да бұл салада қалтқысыз еңбек етіпті.

«Теміржолда істеп, бала тәрбиесіне де қарадық, үйге де үлгердік. Қандай жұмыс болса да, ерінбей, беріліп істесең, жұмысыңды жақсы көрсең, жақсы мамандық иесі болып шығады деп ойлаймын. Жастарға айтатыным, бір саланы меңгергеннен кейін, сол саланы жақсы көру керек», – деді ардагер теміржолшы Мензипа Төлеуова.

Мұрат ақсақалдан тараған ұрпақ әулет ісін жалғастырып келеді. Үш баласы да ата кәсіпті нәсіп қылып отыр.  Мәселен үлкен ұлы Біржан пойыздар мен жолдың қауіпсіздігіне жауапты.  Мамандығына берік, қызметіне шынайы берілген азамат биыл атап өтіліп жатқан Жұмысшылар жылында Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» марапатын иеленген.

«Алматы бөлімшесінде, Алматы – 2 бекетінде 2004 жылдан бастап қызмет жасап келе жатырмын. Теміржол жұбайыммен жолықтырды, 4 баламыз бар. 1 немерем бар. Теміржолды, ата жолын қуамын деген ұлым өсіп келе жатыр. Болашақ теміржолшы деп те айта аламын», – деді  Алматы – 2 теміржол бекеті қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Біржан Қапышев.

Берекесі тасыған әулеттің ұйытқысы болып отырған үлкендер «тәрбие талбесіктен басталады» дегенді алға тартады. «Жас ұрпақтың бойына ізгілік дәнін себу, жақсы қасиеттерді сіңіру – ата-ананың міндеті» деп атап өтті.

«Ата-аналардан, үлкендерден көрген-білген, үйренген тәрбиемізді ары қарай жеткіздік. «Жақсы отбасы болып, саналы ұрпақ қалса екен» деп балаларымызға тәрбие беруге тырыстық», – деді ардагер теміржолшы Мұрат Қапышев.

Мұрат Қапышев пен Мензипа Төлеуова 7 немере сүйіп, одан тараған шөберенің қолынан май жалап отыр. Өнегелі әулет былтыр «Мерейлі отбасы» жобасына қатысып, жеңімпаз атанған.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсына қатысу үшін өтінім қабылдау басталды

Новости партнеров