Берденовтың соты: 9 жылға сотталған Ернар Жиембай сот шешімді «әділетсіз» деп бағалады

20.08.2025 15:45

Жәбірленуші тарап мүлдем пікір білдірмеді

Әкімдік алдында шенеунік Руслан Берденовты атып кеткен Ернар Жиембайға үкім шықты. Бір айға созылған сот процесінде түрлі уәж айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шенеунік Руслан Берденовке оқ атқан азамат 9 жылға түрмеге жабылды. Сот оның әрекетін «қылмысқа оқталу» және «қасақана кісі өлтіру» деп бағалады. Оның үстіне, оқиға кезінде мас күйде болғаны да жазаның қатаңдауына себеп болды.

«Сотталған Жиембайдың іс бойынша шығындары 52 мың 774 тг мемлекет пайдасына өндірілсін. Сотталған Жиембай жәбірленушілердің өтемақы қорына 117 мың 960 тг өндірілсін. Тағайындалған жазаны Жиембайға қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленсін», – деді судья Әбинұр Қарабаев.

Үкімді естіген Ернар Жиембай ашуға булығып, шешімді «әділетсіз» деп бағалады. Тіпті «Берденов намысымды таптады» деп айқай салған ол сот залын дүрліктірді. Осыған дейін ісіне өкінетінін айтып келген сотталушы бүгін ішіндегісін айтты.

«9 жыл. Бірақ әділ «адам өлтіру» ниетінсіз, «қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабымен іс қозғалу керек. Денсаулығына ауыр зиян келді.  Биологиялық өлім болған жоқ», – деді сотталушы Ернар Жиембай.

Ал сотталушының әкесі ұлының әрекетін түсіндіруге тырысты. Оның айтуынша, Ернар Жиембайды қылмысқа итермелеген – әйеліне деген қызғаныш пен тапталған намыс.

«Менің келінім өте сұлу. Сол себептен барлық нәрсе болуы мүмкін. Мен «оқ атса да ақталады» деп күттім», – деді сотталушының әкесі Жиембай Пірәлиев.

Ал жәбірленуші тарап мүлдем пікір білдірмеді.

Айта кету керек, Берденовтің қорғаушысы бұған дейін бұл істі «қоғамға қауіп төндіретін аса ауыр қылмыс» ретінде қарастыру қажет екенін айтқан. Оған қоса, өткен сот барысында апелляциялық шағым түсіретінін де ашық жеткізген болатын.

21 сәуірде әкімдік алдында қала әкімінің орынбасары оқ атып, жараланғанын еске салайық.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Үржардағы қайғылы жағдай: ауруханадағы бір баланың жағдайы ауыр