Мектеп директоры «Хан-Шатырда» қайтыс болған қыздың ата-анасынан кешірім сұрады

10.07.2019 04:45

Аталған жағдай бойынша барлық мән-жай ҚР Білім және ғылым министрлігінің тұрақты бақылауында

Мектеп директоры «Хан-Шатыр» сауда-ойын сауық орталығында суға кеткен қыздың ата-анасынан БАҚ-қа берген сұхбаты үшін ресми түрде кешірім сұрады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Аталған жағдай бойынша барлық мән-жай ҚР Білім және ғылым министрлігінің тұрақты бақылауында. Осыған байланысты 9-10 шілде аралығында министрліктің балалар құқықтарын қорғау комитеті №10 мектеп-гимназиясының мектеп жанындағы лагерінің қызметіне жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Мектеп жанындағы лагерьдің жұмысына байланысты барлық материалдар Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне жіберілді», - делінген бапасөз мәліметінде.

№10 мектеп-гимназиясы директорын бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Хан-Шатыр» сауда-ойын сауық орталығында суға тұншығып қайтыс болған қыз туралы қате фактілерді айтқаны үшін жауапқа тарту туралы шешім шығарған. Нақты айтсақ, директор мен сынып жетекшісіне қатысты әкімшілік құқық бұзу кодексінің 409-бабының 1-тармағына сәйкес, «Педагог қызметкердің міндеттерін және педагогикалық этика нормаларын орындамауы немесе тиісінше орындамауы» бабы бойынша сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тарту жөніндегі хаттама жасалған.

«Мектеп директоры суға кеткен қыздың ата-анасын қапаландырған сұхбат үшін ресми түрде кешірім сұрады», - делінген ресми ақпаратта.

Еске салсақ, жаз басында елордадағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында 9 жасар қыз бала суға батып кеткен болатын. Аталмыш оқиға бойынша ҚР төтенше жағдай комитетінің төрағасы Владимир Беккер де пікір білдірді.