«Аптасына 100 мың теңге табамын»: қарағандылық жасөспірім табысын әкесінің еміне жұмсамақ

«Аптасына 100 мың теңге табамын»: қарағандылық жасөспірім табысын әкесінің еміне жұмсамақ
Кішкентай Нұрасыл ғаламтордан көлік жөндеудің қыр-сырын үйреніп жатыр екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағанды облысының Нұра ауданындағы Қараой ауылында 12  жастағы Нұрасыл Несіпбай  тұрмыстық техникалар жөндеп,  әкесінің еміне қаржы жинап жатыр. Өйткені асқар тауы 45 жылдан бері қимыл қозғалыссыз халге түскен. Яғни сал ауруына шалдыққан. Қазірдің өзінде қолы бес аспап бала аптасына маңдай терімен 100 мың теңгедей табыс тауып, қолқанат болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дос Төлегенов арбаға таңылса да сағы сынбаған жан. Арнайы курстардан білім алып,  үйінің ішінен шеберхана ашқан. Қолы икемге келмесе де қиыннан қиыстырып теледидар, компьютер секілді тұрмыстық техникаларды жөндеп, отбасын асырап келген еді. Алайда тура бір жыл бұрын ол жол апатына ұшырап, мүлдем қимыл-қозғалыссыз қалған.

«Мойыным ғана істеп жатты. Не үлкен дәретім жүрмей қалды. Өзбекстанға барып ем алып келдім. Содан кейін денсаулығым дұрысталды»,- деді әкесі Дос ТӨЛЕГЕНОВ.

Дос Төлегенов сауығып кету үшін, әлі де оңалту курстарынан өтіп емделуі керек. Сондықтан әкесінің шеберханасын қазір 12 жастағы ұлы Нұрасыл Несіпбай ұстап отыр. Мектеп оқушысы сабақтан соң, бірден осында келіп, әкеден үйренген кәсіпке кіріседі.

«Көбіне теледидардың экраны мен блок питаниясын ауыстырамыз. Мен балалық шағымнан әкемнің жанында теледидар жөндеп көмектесіп жүрдім. Әкем маған бәрін үйретті. Болашақта телемастер болғым келеді»,- деді науқастың ұлы Нұрасыл НЕСІПБАЙ.

«Өзбекстаннан келсем 4 теледидарды жөндепті. Клиенттердің көңілінен шығыпты. Кейбіреуі ойлайды бала жасап жатыр деп, бірақ менің балам жақсы жасайды»,- деді науқас.

Мұнда күніне ондаған адам теледидар мен компьютерлерін жөндеуге әкеледі екен. Нұра ауданының ауылдарынан, тіпті Нұр-Сұлтан қаласынан да тапсырыс берушілер болған. Нұрасылдың әкесінің айтуы бойынша бұл кәсіптің табысы жаман емес.

«Адамдар жұмыс жоқ деп әкімдікке барып шағым түсіреді. Бірақ екі қолға бір күрек табылады»,- деді Дос ТӨЛЕГЕНОВ.

Дос Төлегеновтің қажыдым, қайратым қайтты деп айту бойына жат. Әкенің осы қағидасын баласы да берік ұстанады. Себебі жас баланың көкейінде бауырларын бағып-қағамын деген мақсаты бар. Жақында аудан әкімдігі науқастың ем алуына көмектеспекші. Қазір дәрігерлер қағаздарын реттеп жатыр екен. Басқа түскен қиындыққа мойымаған азамат «Оңалту» орталығынан сауығып шаққаннан кейін, көлік жөндейтін орталық ашуды жоспарлауда. Ал, кішкентай Нұрасыл да қарап отырмай, ғаламтордан көлік жөндеудің қыр-сырын үйреніп жатыр екен.

Новости партнеров