|
19.04.2021 | 19:51
13249

Театр және кино актрисасы Ғазиза Әбдінәбиева 73 жасында дүниеден өтті

М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері

Театр және кино актрисасы Ғазиза Әбдінәбиева 73 жасында дүниеден өтті ашық дереккөзден

Қазақ киносы мен театры үшін аса беделді актриса Ғазиза Әбдінәбиева өмірден өтті. Көпшілікке «Айналайын», «Тоғысқан тағдырлар», «Кемпір» фильмдері арқылы кең танылып, театрдағы рөлдерімен сыйы артқан Ғазиза Мәкешқызы әртістік қызметінен бөлек, шәкірт тәрбиелеп, дәріс оқыған. 73 жасында бақилық болған «қазақ киносы мен театрының анасы» көңіл көгінен, көрермен жадынан өшпек емес, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақ өнерінің мүйізі қарағайдай тұлғаларынан сабақ алып, сол дара жолды жалғастырған Ғазиза Әбдінәбиева ұлттық кино және театр өнерінде 50 жылдан астам уақыт бойы еңбек етті. Бұл уақыт аралығында ол 20-ға жуық кинофильмде, 25 шақты спектакльде рөл сомдап, шеберлігін танытты. Жоғарыда өзі айтқандай, белді әртістерден сабақ алып, өзі де кейінгі өнер иелеріне дәріс оқыды, ұстаз болды.

«Орны толмас қайғы. Ғазиза апай бізге ұстаз әрі анамыздай болды. Әрбір ойнаған рөлінің өзі бір-бір төбе. Жаны жайдары, жарқырап жүретін. Айналасына шуағын шашып, жастарды бауырына басып, қанатының астына алып жүретін анамыз... Анамыз еді», – деді актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай.

Бір сөзінде Ғазиза апай «Оқуға түсерде еш қорықпадым, осы Алматы мені өзі-ақ күтіп тұрғандай болды», депті. Осындай зор құлшыныспен Ұлттық консерваторияда білім алған Ғазиза Әбдінәбиева оқу бітірмей тұрып-ақ театр сахнасында өнер көрсетеді.  

«Ол кісі тек қана актриса емес, біздің театрымыздың қуаты еді. Энергетикасы еді. Жүрген жерінде үлкенге де, кішіге де  нұрын шашып, шуағын шашып жүретін еді. Тіпті, кішкентай рөлге шықса да, осы кісіге бөлек шапалақ ұрылатын еді», – деді М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Ел жадында ерекше бейнесімен сақталған актриса өмірінің соңғы кезеңін де қазақ өнеріне арнап кетті. Пандемия жағдайында театр жұмыс істемесе де, әріптестеріне айтып, жаңа жобаны қолға алған екен. Бұл да өнердегі аға-інілері айтпақшы, «актерлік міндетіне адал болғанынын дәлелі емес пе?».

«Мен мынау өзім рөл тауып алып алдым. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» жаттап жатырмын. Сен мына жігіттеріңе айтсаң, солар мені түсіріп алса. Бұл кітапты оқу бар, одан кейін  оқи алмайтын зағип жандар бар. Соларға мен өз даусымен жеткізсем» деп, «Абай жолын» жатқа оқып, өзіміздегі қыздар жігіттерге таспаға бастырып алдық», – деді М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Соңына жетпесе де, үлкен ыждаһатпен басталған бұл жоба әлі-ақ үлкен экранға шығар, көрерменімен қауышар. Себебі, бұл Ғазиза Мәкешқызының халқына арнаған соңғы сыйы еді. Актриса елін сүйді. Көпшілікті қалай аяласа, өзі де сондай сүйкімді болды, сүйікті еді. Солай болып қала да бермек.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир