1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль аймағынан толықтай шығып, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енді
Бүгін – Ұлттық валюта күні. Осыдан 28 жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1993 жылы 15 қарашада төл валютамыз – теңге айналымға енді. Дәл осы қадам елде қалыптасқан дағдарыстан шығудың және экономика дамуының жаңа кезеңіне өтудің бірден-бір жолы болды. Сондай-ақ жеке банкноттарды енгізу нарықтық экономиканы құруға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаржы саласында 35 жылдық тәжірибесі бар Алмагүл Абирова 1993 жылғы тарихи сәтті еске алып, күні кеше болғандай еді дейді. Сол тұста Алматы облысына қарасты Шелек ауылдық округінде өмір сүрген халықтың құнсызданған сомын теңгеге ауыстырып, берілген тапсырманы абыроймен атқарып шықты. Осылайша, ұлттық валютамыздың айналымға енуіне өз үлесін қосты.
«Күндіз жергілікті халықтан сомды қабылдаймыз, кешке аудан орталығындағы банкке өткізіп, теңгеге ауыстырып келеміз. Сонда инфляцияның қатты болғаны соншалықты, сомды қаппен немесе сөмкемен апаратын едік. Көп ақша. Қайтарда содан 4-5 бума ғана теңге алып қайтамыз», – деп еске алады қаржыгер Алмагүл Абирова.
Алғашқы теңгенің дизайны бірнеше ай бойы қарындаш, акварель және су бояулармен қолдан жасалған екен. Ал оны белгілі суретші Тимур Сүлейменов бастаған авторлық топ әзірлеген. Осылайша, 1992 жылдың 27 тамызында Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Олар Англияға аттанып, теңгенің алғашқы топтамасы Ұлыбританияда басылып шықты. Халық арасында дүрбелең туғызбас үшін бұл процес барынша құпия түрде жүргізілді.
«Ұлттық валютаны енгізу бір жағынан, уақыт күттірмейтін қажеттілік болса, екінші жағынан, маңызды символикалық қадам болды. Қазақстан теңгесін шығарған компания Елизавета патшайымның құрметті белгісіне ие болды. Бұл елдегі қаржылық жүйенің қалыптасуына үлкен ықпал етті. Теңгенің дизайны 2006 жылы қалай өзгергені есімде. Соның бәрінің басы қасында Елбасының өзі болды. Сол кездегі 10 мыңдық банкнотты Халықаралық банкнота шығару қауымдастығы әлемнің ең үздік банкноталарының бірі деп таныды», – дейді экономист Әнуар Сәйденов.
«Теңгенің алғашқы нұсқаларын дайындау барысында ұзақ кеңестік. Ең бірінші 1 теңгеге әл-Фараби бейнеленіп, қалған банкноттарға да тарихи тұлғаларды таңдадық. Әбілқайыр ханның бейнесін салуда қиналдық. Себебі тарихи кітаптарда оның кескіндемесі болмады. Ізденуді талап етті. Бірақ мойынға артылған міндетті атқарып шықтық», – деп еске алады теңге дизайнері Виктор Ивженко.
Ұлттық валютамыздың алғашқы купюрасына, яғни 1 теңгеге ғұлама ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби, 3 теңгеге Сүйінбай Аронұлы, ал 5 теңгеге күй атасы – Құрманғазы бейнеленді. 10 теңгелік купюраға Шоқан Уәлиханов, 20 теңгеге Абай Құнанбаев, 50 теңгеге Кіші жүздің ханы Әбілқайыр және 100 теңгеге үш жүздің басын қосқан Абылай ханның бейнесі салынды. Бұл – 1993 жылы Ұлыбританияда басылған ақшалар. Кейін 1995 жылы Алматыда Банкнот фабрикасы ашылып, содан бері қағаз ақша Алматыда, ал монеталар Өскемендегі монета сарайынан шығады.
«Мемлекеттік теңгені енгізу бойынша мемлекеттік комиссия отырыстарының хаттамалары сақталған. Халықтың хаттары және алғашқы купюралардың түпнұсқалары сақталған», – деді ҚР Президенті архивінің құжаттарды ғылыми жариялау басқармасының бас сарапшысы Раушан Мырзақұлова.
Арнайы тақтайшада 1993-1998 жылдар аралығында басып шығарылған төл валютамыздың нұсқалары топтастырылған. Онда тарихи тұлғаларымыздың суреті бейнеленді. Теңге Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін еселеп, шегелей түскен мемлекеттік атрибутқа айналды.
1993 жылы 12 қарашада еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша 15 қараша Қазақстанның ұлттық валютасы –теңге" айналымға енді. Бұл қадам 1994 жылы гиперинфляцияны төмендетуге, 1995 жылы инфляциялық үдерісті тежеуге мүмкіндік берді. 2007 жылы теңгенің жаңа символы бекітілді.
Оразай Нұртай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы