Рудныйда көшелердің біріндегі қазылған шұңқырдан бала өлі табылды

27.08.2024 13:27

Құтқарушылар мәйітті үйінді астынан алып шықты

Almaty.tv

Рудный қаласында 7 жастағы бала құбыр жүргізу үшін қазылған орға құлап, көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайғылы оқиға кезінде мердігер ұйымның жұмысшылары орнында болмаған. Баланың денесін үйінді астынан төтеншеліктер шығарды. Куәгерлер түсірген жантүршігерлік бейнежазбадан әйел адамның жанын қоярға жер таппай, шырылдап жүргенін көруге болады. Аталған жайтқа қатысты тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынды.

Айта кетейік, биыл маусымда тағы бір әйел адам траншеяға құлап, түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.

– Осы факт бойынша полиция архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы ережелерді немесе нормаларды бұзғаны үшін қылмыстық іс қозғады. Тексеру жүргізілуде, тиісті сараптамалар тағайындалды, нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Сералин.

Оқи отырыңыз: Жайық өзеніне 3 жасөспірім батып кетті