Бақытжан Сағынтаев алматылықтарға үндеу жолдады

виде стоп-кадр
виде стоп-кадр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бақытжан Сағынтаев қаладағы жағдайға байланысты алматылықтарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қала әкімі Алматының тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтау мақсатында құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдап жатқанын айтты. Оның айтуынша, қазір араңдатушылар мен экстремистер ұсталып, бүлік салушылар анықталып жатыр.

«Құрметті алматылықтар! Қаладағы ауыр жағдайға байланысты өздеріңізге үндеу жолдаймын. Қаламыздың тыныштығын бұзуға араңдатушылар экстремистік әрекеттермен сырттан да, іштен де әсер етуде. Алматының тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтау мақсатында құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдауда. Қазір қаладағы жағдай билік бақылауына алынды. Араңдатушылар мен экстремистер ұсталып, бүлік салушылар анықталып жатыр», – деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол Ел Президентінің Жарлығымен Алматы қаласында төтенше жағдай енгізіліп, соған сәйкес қалалық Полиция департаментінің басшысы генерал Қ. Таймерденов Алматы қаласының коменданты болып тағайындалғанын атап өтті. Төтенше жағдайдың енгізілуі – заңдылық пен тәртіпті қалыпқа келтіру, қоғам қауіпсіздігін сақтау, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау жолындағы маңызды шешім, деді әкім. 

«Жаңа ғана Мемлекет басшысы 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында Алматы қаласында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – заңдылық пен тәртіпті қалыпқа келтіру, қоғам қауіпсіздігін сақтау, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау жолындағы маңызды шешім. Ел Президентінің Жарлығына сәйкес, қалалық Полиция департаментінің басшысы генерал Қ. Таймерденов Алматы қаласының коменданты болып тағайындалды. Әкімдік қаланың барлық саладағы тыныс-тіршілігін қалыпты ұстау мақсатында жұмыс істеуде. Біздің ортақ мақсатымыз қаладағы тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бейбіт халықты  қауіп-қатерден аман сақтау.  Сондықтан бәріңізді заңсыздық пен араңдатушы әрекетті қолдамауға шақырамын. Бүгінгі түнде қаламыздың тыныштығын сақтауға ат салысқан тәртіп сақшылары мен бүкіл жауапты қызметкерлерге түсіністік танытып, жауапкершілікпен қараған алматылықтарға рахметімді айтамын!» – деді қала әкімі өз үндеуінде.  


Новости партнеров