Қазір мысықтың иелері мен еріктілері үй жануарын іздеп жатыр
Алматы әуежайының қызметкерлері жолаушының бірнеше күн бойы іздеп жүрген мысығын көшеге лақтырып жіберді. Бойжеткен аталмыш оқиға туралы Instagram парақшасында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.
21 тамызда Алматы әуежайында жолаушы қыздың Томас есімді мысығы қашып кеткен. Ол жуынатын бөлмедегі қол жетпейтін жерге кіріп алғандықтан, бойжеткен мысықты өз күшімен ала алмаған. Жолаушы көмекке адам шақырмақ болған сәтте ұшаққа отырғызу басталып кеткен.
Оның ата-анасы да осы уақытта әуежайда болған. Отбасы әуежай қызметкерлеріне байланыс нөмірін қалдырып, мысықты алуды және егер біреу оны көрсе, дереу қоңырау шалуын сұрайды.
«Сол күні бұған жауапты адамдар қажет нәрсенің бәрін жасаймыз, табамыз деп уәде берді. Ал ата-анама белгіленген аймақтан өтіп, мысықты өздерінің іздеуіне рұқсат етпеген. Олар мысықтың қай жерде екенін анық білгендіктен, оны шығарып алып, бізге хабарласады деп үміттендік. Бірақ бірнеше күн бойы әуежайдан еш хабар келген жоқ. Сондықтан мен еріктілерге жаза бастадым. Бәлкім, әуежайдағы жолаушылардың бірі көрсе, хабар беретін болар деп ойладым. Өйткені мен үшін әр ақпарат маңызды болды», - деп жазды алматылық бойжеткен.
Қыздың айтуынша, төбеден мысықтың дауысын естіген жолаушылар қызметкерлерді шақырып, «бұл үй мысығы, ол жоғалып кетті, иелерін іздеу керек» деп ескерткен.
Кейінірек белгілі болғандай, мысықтың иелерінің хабар күтіп жүргеніне, әйежай қызметкерлеріне ескертілгеніне қарамастан, қызметкерлердің бірі оны шығарып алып, жай ғана сыртқа лақтырып жіберген. Қазір мысықтың иелері мен еріктілері үй жануарын іздеп жатыр. Бірақ әзірге сәтсіз.
«Мен ешкімді кінәлағым келмейді, бірақ мысықты қайдан келгенін нақтыламай көшеге лақтыру мүлдем адамгершілікке жатпайды», - деп жазды Томастың иесі.
Оқи отырыңыз: Ақтөбеде жол апаты болып, үш адам жансақтау бөліміне түсті