Қазақ сахнасының падишасы - Торғын Тасыбекова өмірден озды

19.06.2024 14:00

Актрисаны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өтеді

Аlmaty.tv

Қазақстан Республикасының Халық артисі Торғын Тасыбекова 86 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақ ССР-нің Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Торғын Жылқышықызы Алматы облысында дүниеге келген. 

1961 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының актерлік шеберлік факультетін бітірген. Сол жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. 

Қайраткер тұлға, асыл өнерді қастерлеудің озық үлгісін көрсетіп, өмірінің соңына дейін сүйікті театрына аянбай қызмет етті.

Көрерменіне қайталанбас образ сыйлап, жүрегіне бойлай білген рөлдері Мағыш, Марсела, Айбала, Маржан, Құртқа мен Ақбалалары  актрисаның гауһар тастай мың қырлылығын көрсетеді. 

Ол әр алуан рөлдерде ойнап, өзінің көпқырлы сахналық-орындаушылық өнерімен көрермен ілтипатына бөленген. Актриса сомдаған 200-ге жуық рөл – қазақ сахнасының қайталанбас мұрасы саналады. 

Оның кинодағы рөлдері:

«Ән қанатында», «Оазис любви», «Карой», «Ее домбры был верен звук», «Сотқар балалар», «Көгілдір аялдама» және т.б. фильмдерде негізгі рөлдерді сомдады.

Торғын Тасыбекованың қасиетті дауысы, кеменгер дауысы көрерменіне тікелей жетеді. Қоңыраулы үні актрисаны көпшіліктен дара етеді. Талант иесінің азаматтығы мен адамгершілігі өн бойындағы мінсіздігі оның жанының сұлулығымен әдемі үндестік тапқан. Қазақ сахнасының жарық жұлдызы, ақ падишасы киелі өнерді қастерлеудің озық үлгісін көрсетіп кетті. Ол өмірінің соңына дейін сүйікті театрында қызмет етті.

Қазақ әйеліне ғана тән оның сұлу бейнесі мен шынайы сомдаған кейіпкерлері мәңгі көрермендерінің жадында қалары сөзсіз.

Ардақты жанның ғибратты ғұмыр жолы ешқашан ұмытылмайды.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Торғын Жылқышықызының қазасына ортақтасып көңіл айтты. 

"Алматы" телеарнасының ұжымы да қаралы хабарға қабырғасы қайысып, актрисаның отбасына бекем болуды тілейді.  

Сахна падишасын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында бейсенбі күні 20.06.2024 жылы сағат 10:00-де өтеді.