Аймақтарға 4642 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Су тасқынына қарсы іс-шараларға 35 000-нан астам волонтер қатысып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынына қарсы іс-шараларға 35 000-нан астам волонтер қатысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

16 сәуірдегі жағдай бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге волонтерлер көмегімен 4642 тонна гуманитарлық көмек жиналды, оның 3980 тоннасы зардап шеккен аймақтарға жеткізілді.

Ақтөбе облысында 8600-ден астам ерікті жұмылдырылды. Волонтерлер күшімен 10 000 адамға ыстық тамақ ұйымдастырылды.

Ұлттық волонтерлік желіні, «Асар уме» тобы, «Аңсар», «Дәулеттен қоры» волонтерлік қозғалысының өкілдері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Ойыл, Қобда ауданының тұрғындарына азық-түлік пен киім-кешек жеткізді.

Эвакуациялық пункттерге 174 тонна азық-түлік, 65 тонна азық-түлікке жатпайтын қажетті тауарлар және 200 килограмм дәрі-дәрмек бөлінді.

Батыс Қазақстан облысының су басқан аймақтарында 7 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді. «Birgemiz» Қорының қолдауымен 300 қайық, 100 мотопомп, 500 матрац, 100 шатыр, азық-түлік сатып алынды.

Қостанай облысында 3000-ға жуық ерікті су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып, халықты эвакуациялаумен, гуманитарлық көмек бөлумен айналысуда.

Атырау облысында волонтерлер штабы шұғыл режимде жұмыс істеп жатыр. Еріктілер мен ауыл тұрғындарының бастамасымен арнайы бөгеттер салынуда. Бөгеттерді күшейту үшін 30 мыңнан астам қапқа құм толтырылған. Қазіргі уақытта Атырауда бөгеттерді күшейту үшін 107 пункт орнатылды, бөгет салу жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Аймақта 500-ге жуық арнайы техника және 9 мыңға жуық волонтер жұмыс істейді. Өткен тәулікте 30 шақырым жерді жағалай бөгеттер күшейтілді.

Астанада әлеуметтік қоймаларда гуманитарлық көмек жинаумен 30 волонтерлік ұйым айналысып жатыр. Жалпы 817 тонна гуманитарлық көмек жиналды.

Алматыда 20 ірі волонтерлік ұйым 360 тонна көмек жинады. Көмек Орал, Ақтөбе, Атырау, Қостанай облыстары, Петропавл қаласына жіберілді.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Қостанай ауданының тұрғындарымен кездесті

Новости партнеров