Нұр-Сұлтан қаласында көпқабатты үйдің балконынан үш жастағы қызды құтқарып алған Сәбит Шонтақбаевтың ата-анасына құрмет көрсетілді. Ержүрек жігіттің әке-шешесі Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында тұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айта кетейік, кеше таңертең елордада қызылордалық азамат 8-қабатта терезеден салбырап тұрған бүлдіршінді құтқарып қалған еді.
Бұл оқиғаның видеосы желіде кең тарап, Сәбит Шонтақбаевтың батыл әрекетіне көпшілік тәнті болды.
Сәбит Шонтақбаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында да болып үлгерді. Содан кейін оған елордадан үш бөлмелі пәтер берілді.
Осыған орай Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ерболат Серманов Аққұм ауылына арнайы барды.
Олар батырдың әкесі Серік Сабырұлы мен анасы Гүлбаршын Пірімбетоваға алғыс айтып, осындай ержүрек азаматты тәрбиелеп өсіргені үшін аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Сондай-ақ кеше ТЖМ бірінші вице-министрі, генерал-майор Ибрагим Құлшымбаев батыр азаматты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Сәбит пен Сағи қыздың ата-анасымен әлі кездеспегенін айтты. Десе де анасы хабарласып рахметін жеткізіпті. Айт кетейік, Сәбит батырымыз жайлы шетелдік басылымдар да жарыса жазуда. Ал қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері терезеден 9 бала құлаған.