Нұр-Сұлтанда 3 жасар қызды құтқарған екінші ер адамға да пәтер берілді

stan.kz
stan.kz
Бұл туралы блогер Дәулет Мұқаев Іnstagram парақшасында айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтан қаласында 8-қабаттан құлап бара жатқан үш жасар қызды ұстап, құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың досы Сағи Жылқышиевке де пәтер берілді. Ол бүлдіршінді құтқару кезінде досының аяғынан ұстап, оған тіреу болып тұрған. Отандық құрылыс компанияларының бірі ерлік танытқан ер адамға Нұр-Сұлтан қаласынан 2 бөлмелі пәтер сыйлады. Бұл туралы блогер Дәулет Мұқаев Іnstagram парақшасында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

"Сүйінші, ағайын. Керемет сезімде тұрмын. Мен айтып жүрген жеке құрылыс компаниясы Сәбиттің досы Сағиға 2 бөлмелі пәтер сыйлайтын болды. Бұл пәтердің бағасы кемі 25 миллион теңге тұрады", – деді блогер.

Күні кеше Dauletten қайырымдылық қоры Сәбитке үй алу үшін ақша жинауды бастап кеткен еді. Алайда отандық құрылыс компаниясы қаһарманға үш бөлмелі пәтер сыйлағандықтан, қор әкімшілігі жиналған қаржыны екі азаматқа теңдей бөліп беруді шешкен.

"Нақты есебін жұма күні кешке береміз. Қазіргі таңда жиналған ақша 8 миллион теңгеден асты. Бұл қаржыға Сәбит үйіне жөндеу жұмысын жасаса, Сағи өз керегіне жаратар. Біздің тараптан беретін көмектің төрелігін осылай деп шештік", – деді ол.

Айта кетейік, 12 мамырда елордада қызылордалық азамат 8-қабатта терезеден салбырап тұрған бүлдіршінді құтқарып қалған еді.

Бұл оқиғаның видеосы желіде кең тарап, Сәбит Шонтақбаевтың батыл әрекетіне көпшілік тәнті болды.

Сәбит Шонтақбаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында да болып үлгерді. Содан кейін оған елордадан үш бөлмелі пәтер берілді.

Сондай-ақ кеше ТЖМ бірінші вице-министрі, генерал-майор Ибрагим Құлшымбаев батыр азаматты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады.

Новости партнеров