Ақтөбелік полицейлерге жаңа көлік берілді

27.12.2023 14:10

Автопаркті жаңарту құқық қорғау саласындағы жұмыстың сапасын арттырады

Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбеде учаскелік полиция қызметкерлеріне, патрульдік қызметке және тергеу-қамауға алынған адамдарды тасымалдайтын бөлімшеге көлік пен квадрацикл берілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің автопаркі жаңарды. Бүгін мұнда 36 техника әкелінді. "Hyundai Tucson" маркалы 22 автокөлік Ақтөбе қаласының учаскелік полиция инспекторларына, ал "Газель Next" маркалы 10 көлік тергеу-қамауға алынған адамдарды тасымалдау үшін аудандық бөлімшелерге берілді.

- Полиция өкілі күнделікті қызметінде азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді және олардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқыққорғау жүйесі елдегі тұрақтылықтың басты кепілі деп атап өтіп, жан-жақты қолдау шарасын қабылдады. Жергілікті билік органдары да полицияның материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдайды жасап келеді. Автокөлік, видеожетондар, планшеттер және тағы да басқа қажетті құрал-жабдықпен қамтылды. Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң әсерін тигізері сөзсіз, - деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.

Сонымен бірге патрульдік полиция қызметкерлері 3 квадроциклді саяжай алаптарын, жағалауларды патрульдеу кезінде пайдалана алады. Ал «Белорус» тракторы полиция бөлімдерінің аумақтарын абаттандыруға және қызметте басқа да шаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады.

- Автопаркті жаңарту құқық қорғау саласындағы жұмыстың сапасын арттырады. Оқиға орнына дереу жетіп, шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік жасалды, - деді Ақтөбе облыстық ПД бастығы Абай Жүсіпов.

Оқи отырыңыз: Пиротехниканы қолданғанда нені ескеру керек