Пиротехниканы қолданғанда нені ескеру керек

 Almaty.tv
Almaty.tv
Тыйым салынған уақытта тыныштықты бұзған жеке тұлғаларға айыппұл салынады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Пиротехника пайдаланып, от шашам деп опық жеп қалмаңыз! Жылда осы мерекеде Алматыда орта есеппен 10-15 өрт оқиғасы тіркеледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде ел аумағында пиротехникалық бұйымдарды өндіру, сату қызметімен айналысатын 40-тан астам заңды тұлға тіркеуде бар. Әуезов ауданының төтеншеліктері республика көлемінде кеше басталған «Пиротехника» жедел алдын алу іс-шарасы аясында рейд жүргізді. Мамандар  отшашуларды сақтау, есепке алу, пайдалану мен тасымалдау тәртібін жіті тексерді.

– Ауданда орналасқан пиротехника сатып жатқан жерлерде түсініктеме жұмыстары мен нұсқаулықтар берілді. Аталмыш іс-шара Алматы қаласы бойынша 25 желтоқсан мен 2024 жылдың 4 қаңтар арасында жүргізіледі. Шара барысында тұрғындарға пиротехниканы қолдану әдісін түсіндірілді, – деді Әуезов ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Асхат Әмірбеков.

Аталған іс-шара нарықтағы сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды, сондай-ақ рұқсатсыз бей-берекет сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған.

Қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында мұндай пиротехникалық заттарды сатып алу кезінде сатушыдан өнімнің сертификатын талап ету керек. Одан соң жарамдылық мерзімі мен сыртқы қаптамасына мән беріңіз. Егер мұндай талаптарға сай болмаса, тауарларды мүлде пайдалануға болмайды.

Дәрігерлердің мәліметінше, соңғы жеті жылда отшашудан жарақат алған адам саны азайып келеді. Бұрын отшашу кезінде 10-15 адам жарақат алса, бүгінде 3-4 адам ғана травмотологқа не офтальмологқа жүгінеді.

– Пиротехникалық заттарды қолдану кезіндегі көбіне қол жарақаты кездеседі. Сондай-ақ масаң күйдегі адамдар отшашу ату кезінде ол атылмай қалса, себебін анықтауға тырысып, жарақаттанады. Көзге зақым келген жағдайда дереу жақын жердегі медициналық орталыққа бару керек, – деді Орталық қалалық клиникалық аурухананың травматологы Осман Қадыров.

Ішкі істер министрлігінің ақпарынша, мұндай тауарларды заңсыз сатып, өткізген немесе тасымалдаған азаматтар үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің баптарына сәйкес жауапкершілік көзделген. Сағат 22:00-09:00 аралығында пиротехника пайдаланғандар да жауапқа тартылады. Ал тыйым салынған уақытта тыныштықты бұзған жеке тұлғалар 17 мың 250 теңге айыппұл арқалайды. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 69 мың теңге, ал орта кәсіпкерлік субъектілеріне 103 мың 500 теңге және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 345 мың теңге айыппұл қарастырылған.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қолайсыз ауа райы: СҚО-да республикалық маңызы бар тасжолдар жабылды

Новости партнеров