Әлеуметтік желілерде Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 бағыттың жүргізушісі «Ақмешіт» аялдамасында арбадағы мүгедектің автобусқа мінуіне көмектеспей, кетіп қалған бейнежазбасы таралған еді.
«Астана ЛРТ» ЖШС өкілдері посттың авторы Жасұлан Кереевтен кешірім сұрады, деп хабарлайды sn.kz.
Жүргізуші автопарктің тәртіптік кеңесіне шақырылды. Оның айтуынша, арбадағы азаматқа пандусты түсірмей-ақ автобус салонына кіргізуді ұсынды. Алайда мүгедек тұрғын бұл ұсыныстан бас тартқан.
Кеңес барысында жүргізуші жолаушының бас тартқаны орынды болғанын мойындады, себебі әр азаматтың қоғамдық көлікке тең қолжетімділікке құқығы бар. Жүргізуші нұсқауға сәйкес әрекет етуі тиіс еді. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі жолаушыға пандусты түсіріп, баратын аялдамасына жеткізіп, автобустан түсуіне (пандусты түсіре отырып) көмек көрсетуге міндетті.
Кеңес барысында жүргізуші өз кінәсін мойындады және тәртіптік кеңестің шешімі бойынша жұмыстан шығарылды.
«Астана ЛРТ» ЖШС және автопарк басшылары жарияланым авторынан тағы да кешірім сұрайды.